Жиында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа талаптар түсіндірілді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жиынды министрліктің аппарат басшысы Жәнібек Нөпіров жүргізді. Оған ведомствоның құрылымдық бөлімшелері, ведомстволық бағынысты ұйымдары мен аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.
Негізгі баяндаманы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің басшысы Нұржан Узбеханов жасады. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа талаптарға тоқталды.
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – құқық бұзушылық болғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала анықтап, жою. Осы орайда мүдделер қақтығысын реттеу және жеке мүдделер туралы декларация тапсыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Министрліктің әдеп жөніндегі уәкілі Өркен Алшынбаева «Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігі туралы айтты. Сондай-ақ ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін нормаларды еске салды.
-Қызметіміздің басты өлшемі – мансап немесе жеке мүдде емес, халыққа адал қызмет ету болуы керек, – деді Өркен Алшынбаева.
Жиынды қорытындылаған Жәнібек Нөпіров сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әр қызметкердің құқықтық сауаттылығы мен жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.
-Бұл індетке қарсы күрес – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Заңсыз ұсыныстарға жол бермеу және кез келген құқық бұзушылыққа бейжай қарамау – адал қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі, – деді ол.
Семинар соңында қатысушылар сұрақтарына жауап алды. Жиында айтылған ұсыныстар министрліктің алдағы жұмысында ескеріледі.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі екенін айтып, жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат қоғамға ашық ұсынылатынын мәлімдеген болатын.