2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Мысырға бір реттік кіру визасының базалық құны 3 долларға (1 344 теңге) өсіп, 30 доллардан (13 436 теңге) 33 долларға (14 779 теңге) дейін қымбаттайды.
Бұл туралы Мысырдың Akhbar Al-Youm басылымы елдің Туристік компаниялар мен агенттіктер палатасы таратқан ресми нұсқауға сілтеме жасап хабарлады.
Бұған қоса туристерден қызмет көрсету және құжат рәсімдеу үшін 6 доллар (2 687 теңге), сондай-ақ банк комиссиясы мен салықтар алынады. Осылайша бір реттік визаның жалпы құны 39 долларға (17 466 теңгені) жетеді.
Транзиттік визаны рәсімдеу алымы да 3 долларға (1 344 теңге) өседі. Алайда оның нақты қанша болатыны хабарламада көрсетілмеген.
Мысыр үкіметі тарифтерді қайта қарау туралы шешімді 2026 жылғы 13 тамызда қабылдаған. Бұл өзгерістердің егжей-тегжейі туристік нарық өкілдеріне жолданған Туристік компаниялар мен агенттіктер палатасының №173 ресми нұсқауында көрсетілген.
Палата туристік компанияларға жаңа тарифтерді ескеріп, шетелдік серіктестері мен саяхатшыларға өзгерістер туралы ақпарат беруді тапсырды.
Жыл басында Мысырда 1 наурыздан бастап шетелдіктер үшін виза ақысы 25 доллардан 30 долларға дейін көтерілгенін хабарлаған едік.