2027 жылдан бастап өсімдік майын сатуға жаңа талаптар енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда өсімдік майлары мен май өнімдерінің жекелеген түрлерін міндетті түрде таңбалау және олардың айналымын қадағалау тәртібі енгізіледі. Тиісті қағидаларды Ауыл шаруашылығы министрі 2026 жылғы 16 қарашадағы бұйрығымен бекітті.

Фото: АШМ

Жаңа талапқа сәйкес, өнімдердің қаптамасына екі өлшемді DataMatrix штрихкоды қойылады. Бұл код арқылы тауардың өндірілген немесе елге әкелінген сәтінен бастап тұтынушыға сатылғанға дейінгі қозғалысын бақылауға болады.

Қазақстандық өндірушілер өнімді сатуға немесе өткізу үшін басқа тұлғаға беруге дейін таңбалауға міндетті. Ал импорттаушылар шетелде шығарылған тауарларға Қазақстанға әкелінгенге дейін немесе оларды ішкі тұтыну үшін шығару не кері импорттау кедендік рәсімдеріне орналастырғанға дейін арнайы код қоюға тиіс.

Жаңа жүйемен жұмыс істеу үшін өндірушілер, импорттаушылар мен сатушылар тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі цифрлық жүйеге тіркелуі қажет. Сондай-ақ олар тиісті жабдықтарды жүйеге қосып, өнімнің таңбалануы, айналымға шығарылуы, тасымалдануы және сатылуы туралы мәліметтерді енгізуге міндеттеледі.

Өндірушілер, импорттаушылар және көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер өз жабдықтарының цифрлық жүйемен байланыс орнатуға дайын болуын қамтамасыз етуі тиіс. Егер жабдықты жүйеге тікелей қосу мүмкін болмаса, қажетті мәліметтерді жеке кабинет арқылы жіберуге болады.

Бөлшек сауда орындарына да қосымша талаптар қойылады. Дүкендер жүйеге тіркеліп қана қоймай, мәліметтерді тіркеп, жолдай алатын бақылау-касса машиналарымен және DataMatrix кодтарын оқитын құрылғылармен жабдықталуы керек. Сонымен қатар фискалды деректер операторымен келісімшарт жасасуы қажет.

Таңбаланған өнім сатылған кезде кассада оның коды сканерленіп, фискалдық чекке енгізіледі. Тауардың сатылғаны туралы ақпарат фискалдық деректер операторы арқылы автоматты түрде цифрлық жүйеге түседі.

Жаңа қағидалар өнімнің бір кәсіпкерден екіншісіне берілуін, тасымалдануын, қабылдануын және қайтарылуын да қамтиды. Сондай-ақ тауарды қайта айналымға шығару, кәдеге жарату және өзге де себептермен айналымнан шығару туралы мәліметтер жүйеде тіркелуі тиіс.

Құжатта бірқатар мерзім де белгіленген. Атап айтқанда, жүйе операторы кәсіпкерді 24 сағат ішінде тіркеуі керек. Ал таңбалау кодтары тиісті өтінім тіркелгеннен кейін төрт сағат ішінде берілуге тиіс. Алынған кодтарды өнімнің қаптамасына түсіріп, бұл туралы ақпаратты жүйеге енгізуге бір жыл уақыт беріледі. Осы мерзімде пайдаланылмаған кодтардың күші жойылады.

Өнім басқа кәсіпкерге берілген немесе жөнелтілген жағдайда, тиісті мәліметтер сол күннен кешіктірілмей жүйеге енгізілуі қажет. Ал тауарды қабылдаған тарап оның қабылданғанын айналым туралы ақпарат тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде растауға міндетті.

Жаңа талаптар күшіне енгенге дейін өндірілген, бірақ таңбаланбаған өсімдік майлары мен май өнімдерін жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сатуға рұқсат етіледі.

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы 2027 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылдан бастап жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алу тәртібі өзгеретіні хабарланды.