Министрліктің дерегінше, ресми түрде жұмыс істейтін азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады. Ол азаматқа бұрынғы жұмыстан босап, жаңа жұмысқа орналасқанға дейінгі кезеңде қаржылық қолдау көрсетуді көздейді.
Қазіргі жүйе қалай жұмыс істейді?
2026 жылдың соңына дейін бұл төлемді тағайындаудың қолданыстағы тәртібі сақталады.
Негізгі шарт — жұмыссыз ретінде ресми тіркелу. Ол үшін азамат Мансап орталығына, eGov.kz порталына немесе Enbek.kz Электрондық еңбек биржасына жүгіне алады.
Әлеуметтік аударымдары кемінде 6 ай бойы төленген жүйе қатысушыларына тағайындалатын төлемнің мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45%-ын құрайды.
Төлемнің мөлшері мен ұзақтығы азаматтың жүйеге қатысу өтіліне байланысты. Қолдау көрсетілетін кезеңде азамат Мансап орталығының көмегімен жаңа жұмыс іздеуді жалғастырады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап не өзгереді және бұл не үшін қажет?
Жаңа жылдан бастап жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жүйесін жетілдіруге бағытталған Әлеуметтік кодекстің жаңартылған нормалары күшіне енеді.
Өзгерістердің басты мақсаты — қаржылай қолдауды жұмыс іздеуге бағытталған белсенді шаралармен ұштастыра отырып, азаматтардың еңбек қызметіне мүмкіндігінше тезірек оралуына жағдай жасау.
2027 жылдан бастап енгізілетін негізгі үш өзгеріске тоқталайық.
1. Мансап орталығының рөлі күшейеді.
Жұмыс іздеуші мәртебесінде болу мерзімі 13 күнтізбелік күнді құрайды.
Осы уақыт ішінде Мансап орталығының мамандары үміткердің еңбек тәжірибесін жан-жақты зерделеп, оған жеке іріктелген бос жұмыс орындарын ұсынады және жұмыс берушілермен сұхбаттасудан өтуін ұйымдастырады.
Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа жұмыссыз мәртебесі беріліп, Қордан әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл ретте бос жұмыс орындарын іріктеу және тегін қайта даярлау шаралары жалғаса береді. Аталған жаңа тәртіп бойынша жоба 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық режимде іске асырылып жатыр.
2. Төлем алу кезеңі жаңарады.
2027 жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматқа әлеуметтік төлем жұмыс іздеу кезеңінде жүйеге қатысу өтіліне қарай 3 айға дейін:
— 6 айдан 12 айға дейін — 1 айға;
— 12 айдан 24 айға дейін — 2 айға;
— 24 ай және одан көп болса — 3 айға тағайындалады.
3. Қаржылай қолдаудың ең жоғары мөлшері артады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Оған сәйкес Қордан төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де автоматты түрде артып, айына 346,5 мың теңгеге дейін жетеді.
Мансап орталығы азаматтың әлеуметтік төлем алып-алмайтынына қарамастан, оны жұмысқа орналастыру жолдарын тұрақты түрде қарастыратынын біле жүріңіз.
Жыл басынан бері өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 626,9 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 114,3 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, 110,1 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды.
Skills.enbek.kz платформасындағы курстардан 60,5 мың адам өтті, ал «Бастау Бизнес» жобасы аясында 37,3 мың адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Сонымен қатар 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 3,2 мың грант берілді.
Жастарға арналған «Mansap Kompasy» кәсіби бағдар беру платформасы іске қосылды. Павлодар және Маңғыстау облыстарында жасанды интеллект негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметі пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Оның көмегімен 7,5 мың адам автоматты түрде жұмысқа орналастырылды.
Цифрлық қызметтерге сұраныс артып келеді
2026 жылдың 10 айындағы көрсеткіштер қызметтерді электрондық форматта алу азаматтар үшін қолайлы екенін дәлелдеді.
Осы кезеңде 367 мың адам жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 128 млрд теңгені құрады.
Төлем тағайындауға өтініш берген азаматтардың 99,3%-ға жуығы рәсімдеу үшін электрондық арналарды пайдаланған.
Осылайша, жаңартылған жүйе азаматтарға қаржылай қолдау көрсетумен қатар, жұмысқа орналасуға жеке көмек ұсынуды көздейді. Бұл қазақстандықтарға еңбек жолындағы өзгерістер кезеңінен сенімді өтуге және жаңа жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін жұмысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлемнің мерзімі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш айға дейін қысқаратыны хабарланған еді. Ал 2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыспен қамту қызметін жетілдіруге бағытталған пилоттық жоба іске қосылған.