2027 жылдың соңына дейін халық 100 пайыз интернетпен қамтылады — Мәдиев

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ауылдарға интернет тартуға екі жылға 323 млрд теңгені инвестиция қарастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. 

— Соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды. Бүгінде 20 млн-нан астам мобильді абонент және 3,7 млн тіркелген пайдаланушы байланыс қызметтерін қолданып жатыр. Интернеттің орташа жылдамдығы 94 Мбит/с деңгейіне жетті. Биыл интернет трафигін тұтыну айтарлықтай артқанын атап өту қажет. Оның деңгейі былтырмен салыстырғанда екі есе көп болады. Саланы дамыту 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске асырылып отыр. 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады. Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асып, оптикалық байланыс желілері ауылды елді мекендердің 90%-ына дейін тартылады, — деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 6 179 ауылдық елді мекен бар. Олардың 2606-сы магистральдық талшықты-оптикалық байланыс желілеріне (ВОЛС) қосылған. 663 ауылда жергілікті желі бар. 2026 жылдың соңына дейін тағы 3000-нан астам ауылды магистральды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу көзделген. Нәтижесінде, 2027 жылдың соңына қарай еліміздегі 4 786 ауылда оптикалық желі тікелей үйлерге дейін жеткізіледі.

— Осылайша ауылдардың 90%-дан астамы сымды технологиялар арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін 2027 жылдың соңына дейін жалпы көлемі 323 млрд теңгені құрайтын инвестиция қарастырылған. Ауылдардың қалған 10 пайызында ел халқының 1 пайыздан аз бөлігі тұрады. Мұндай елді мекендер интернетпен спутниктік технологиялар арқылы қамтамасыз етіледі, — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Астана — Арқалық» бағытында жүретін пойызда Starlink спутниктік интернеті қосылды