2027 жылға дейін 2 399 ветеринариялық нысан салынып, жаңартылады - АШМ

АСТАНА. KAZINFORM - Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен жиналыста Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің осы жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс қорытындылары қаралды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

-Қазіргі ветеринариялық қызмет туындаған қауіп-қатерлерге жедел ден қойып қана қоймай, оларды алдын ала болжауға, жұқпалы аурулардың таралуына жол бермей, отандық мал шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026–2030 жылдарға арналған ветеринария саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Құжатта жергілікті жерлердегі ветеринариялық инфрақұрылымды нығайтудан бастап, «фермадан үстелге дейін» қағидаты негізінде өнімнің толық қадағалануын қамтамасыз етуге дейінгі ветеринариялық жүйені кешенді жаңғырту көзделген, – деді Айдарбек Сапаров.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімовтің айтуынша, Кешенді жоспарды іске асыруға 144,9 млрд теңге қарастырылған. 2026–2027 жылдары ветеринариялық қызметтің инфрақұрлымын нығайтуға 66,2 млрд теңге бөлінеді. Осы қаражат есебінен 2 399 ветеринариялық нысан салынады және сатып алынады.

Бұл өңірлерде аталған қызметтердің қолжетімділігін арттырып, профилактикалық іс-шараларды сапалы әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Саланы цифрландыру аясында ақпараттық жүйелерді жетілдіру, экспортқа шығарылатын жануарларды карантинге қою үдерістерін автоматтандыру және мал шаруашылығы өнімдерін қадағалау жүйесін дамыту бағытында тиянақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Цифрлық шешімдер ветеринариялық бақылаудың барлық кезеңдерінде енгізілген. Мал сою кәсіпорындарында ұшаларды штрих-код арқылы таңбалау жүйесі қолданысқа енгізілсе, қоғамдық тамақтану орындары «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модуліне қосылып жатыр. Сонымен қатар Ұлттық ветеринариялық референттік орталық базасында жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, эпизоотиялық ахуалды болжауға арналған заманауи құралдар әзірлену үстінде.

Эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан аусыл, жылқының африкалық обасы, шошқаның классикалық және африкалық обасы, сондай-ақ құс тұмауы сияқты аса қауіпті жануарлар аурулары бойынша Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы мойындаған халықаралық мәртебелері мен өзін-өзі декларациялау мәртебелерін растады.

Жиналысты қорытындылай келе Айдарбек Сапаров эпизоотиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу, мемлекеттік ветеринариялық бақылауды күшейту, Кешенді жоспар іс-шараларын іске асыру қарқынын жеделдету жұмыстарын тиімді атқаруды, сондай-ақ Бірыңғай автоматтандырылған басқару және Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, оларды кейіннен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен шетелдік серіктестердің цифрлық платформаларымен ықпалдастыруды тапсырды.

-Мал шаруашылығының тұрақты дамуы, отандық өнімнің қауіпсіздігі, халықаралық серіктестердің сенімі мен экспорттық нарықтардың кеңеюі ветеринариялық қызмет жұмысының нәтижелілігіне тікелей байланысты. Сондықтан көзделген барлық шара сапалы, жүйелі әрі уақтылы орындалуы қажет, – деді министр.

Осыған дейін Үкімет Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекіткені туралы жаздық.