2027 жылы дәстүрлі ҰБТ жүйесі сақталады - Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылдағы ҰТБ жүйе өзгермейді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

- Алдағы уақытта ҰБТ бойынша қосымша ақпарат беретін боламыз. Келесі жылдан бастап жаңадан пысықталған тест — AIT (Admission Insight Test) деген тест пилоттық форматта іске қосылады, - деді С. Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұл тұрғыда министр 2027 жылы елде дәстүрлі ҰБТ сақталатынын нақтылады.

- Жаңа тест тек пилоттық жоба ретінде ғана енгізіледі. Сондықтан бұл тақырыпта дүрбелең жасап керек емес, яғни министрліктің ресми ақпаратына назар аударған жөн, - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа форматтағы тест тапсырмалары әлі әзірленіп жатыр.

Бұған дейін ҰБТ-ның жаңа форматын енгізу 2027 жылы педагогикалық бағыттан басталатынын жазған едік.