2027 жылы Қазақстан мен Қытай арасында теміржол арқылы жүк тасымалы 100 млн тоннаға жетеді

Фото: Фото: railways.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада алғаш «Қазақстан-Қытай» көлік форумы өтті.

- Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы жүк тасымалдау 13%-ға өсіп, 32 млн тонна болды, бұл қазір рекорд болып тұр. Биыл «Достық-Мойынты» теміржолының екінші дәлізі іске қосылған соң екі ел арасындағы теміржол қатынасының қуаттылығы қазіргіден 62 млн тоннаға жетеді. Ал 2027 жылдың соңына қарай бүкіл жұмысты аяқтаған соң 100 млн тоннаға жетеді, - деді Көлік министрі Марат Қарабаев елордада өткен «Қазақстан – Қытай» көлік форумынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Одан әрі министр екі ел арасындағы көлік қатынасы жағдайына тоқталды.

- Бұрын Қытай көліктері Қазақстанның ішіне кіре алмайтын, керісінше біздің көліктерде кіре алмады. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапар барысында үкіметаралық келісімшартқа қол қойылды, соның арқасында бүгінде екі ел көліктері емін-еркін қатынап жатыр және басқа елге өте алады. Соңғы екі жылдың ішінде Қытайдан Қазақстан арқылы көлік қатынасы транзиті екі есе ұлғайды, - дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, алғашқы көлік форумына Қазақстан мен Қытайдың көлік министрлері Марат Қарабаев пен Лю Вэй қатысты.

Сондай-ақ аталған шараға екі елдің бизнес-қауымдастығы мен көлік-логистикалық компанияларының 300-ден астам өкілі келген. Форум аясында B2B және G2B кездесулер ұйымдастырылды. Форум аясында SPG Циндао порттар тобы мен Қазақстанның Құрық порты арасында меморандумға қол қойылды.

Мамырдың басында Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысы басталды.