2027 жылы коммуналдық желілерді жаңғыртуға 822,6 млрд теңге жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылы Қазақстанда жылу, электр және су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасады. Осы мақсатта жалпы құны 822,6 млрд теңге болатын 366 жоба іске асырылады.

Фото: Үкімет

Бұл мәселелер Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының Жобалық кеңсесі отырысында талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жиында келесі жылға арналған жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және оларды жүзеге асыруға отандық өндірушілерді тарту мәселелері қаралды. Қазірдің өзінде 106 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүріп жатыр.

Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен тоғыз өңірдегі 135 жобаға мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша сатып алу рәсімдерін жеңілдету, желілерінің тозу деңгейі жоғары коммуналдық кәсіпорындардың жобаға қатысу мүмкіндігін кеңейту және шығындар негізді түрде артқан жағдайда жобалардың құнын қайта қарау ұсынылды.

Фото: Үкімет

Вице-премьер 15 желтоқсанға дейін тиісті түзетулерді әзірлеп, жыл соңына дейін Үкімет қаулысын қабылдауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитеті өңірлермен бірге түйткілді мәселелерді апта сайын қарауы керек. Ал жоба жетекшілері нысандар толық пайдалануға берілгенге дейін жұмысты сүйемелдейді.

2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша шарттарды уақытылы жасасу да тапсырылды. Алматы қаласы, Алматы және Атырау облыстарының әкімдіктері желтоқсанның соңына дейін келесі жылға белгіленген барлық жоба бойынша шарт жасасуы қажет.

Отырыста ұлттық жобаны қаржыландыру мәселесі де қаралды. Коммуналдық кәсіпорындардың қарыз қаражатына қол жеткізуін жеңілдету үшін субсидиялау және банктік реттеу қағидаларына өзгерістер әзірленді. Қаржы ұйымдары тиісті түзетулер қабылданғаннан кейін мақұлданған жобаларды қаржыландыруға дайын. Қанат Бозымбаев субсидиялау қағидаларына енгізілетін өзгерістерді үш күн ішінде тіркеуді тапсырды.

Ұлттық жоба аясында отандық өндірушілермен 120 шарт жасалған. ЭКСЖ электрондық платформасында материалдар мен жабдықтарға 3 мыңнан астам тапсырыс қалыптастырылды.

Сонымен бірге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» 18 өңірдегі 75 жобаға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде 14 нысанда отандық өнімді пайдалану талаптарының бұзылғаны анықталды.

Вице-премьер бақылауды күшейтіп, қазақстандық өндірушілердің қатысуына қолайлы экономикалық жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте кәсіпорындардың өндірістік қуаты, өнім бағасы мен жеткізу мерзімі ескерілуі керек.

Фото: Үкімет

-Алдағы кезеңдерге арналған міндеттерді орындауға әлі де уақыт бар. Ойын ережелерін нақты айқындап, қолда бар барлық цифрлық құралды қолданып, қателіктерге жол бермеуіміз керек, – деді Қанат Бозымбаев.

2027 жылы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарында электр желілерін реконструкциялау жоспарланған. Бұл жұмыстарға кабель өнімдері, электр тарату желілерінің бағаналары және басқа да жабдықтар қажет.

Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 қаңтарға дейін өңірлердің келесі жылға арналған материалдар мен жабдықтарға қажеттілігін жариялау тапсырылды. Бұл отандық кәсіпорындарға өндірісті алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Берілген тапсырмалардың орындалуы желтоқсанда өтетін Жобалық кеңсенің қорытынды отырысында қаралады.

Осыған дейін елде тұрғын үй және энергетикаға қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқаны туралы жаздық.