Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті директорының орынбасары Бағлан Қасеновтің айтуынша, заң жобасына депутаттар бастамашы болған.
— Заңға депутаттар бастамашы болды. Оған әлеуметтік желілерде псевдопсихологтардың көбеюі себеп, — деді Бағлан Қасенов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Бағлан Қасеновтің сөзінше, мемлекеттік тізілім 2028 жылдан бастап қалыптастырылады.
— Мемлекеттік тізілімді 2028 жылдан бастап қалыптастыру жоспарланып отыр. Оған дейін мамандарға сертификаттаудан өтіп, жаңа талаптарға дайындалуға мүмкіндік беріледі. Тізілімге тиісті жоғары білімі, дипломы мен халықаралық сертификаттары бар мамандар енгізіледі, — деді спикер.
Жаңа заң аясында психологтардың кәсіби қызметіне қойылатын талаптар күшейтілмек.
— Басты жаңалықтардың бірі — психологтарға арналған кәсіби стандарттың енгізілуі. Ол мамандардың білім деңгейіне, кәсіби құзыреттілігіне және біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Сонымен қатар психологтардың кәсіби этикасының бірыңғай кодексі бекітіледі, — деді спикер.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов екі апталық курсты бітірген психологтардың дәурені біткенін айтқан еді.