2028 жылғы УЕФА Суперкубогі Астанада өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — УЕФА Атқарушы комитеті Қазақстан астанасы Астана қаласын 2028 жылғы УЕФА Суперкубогі үшін матч өтетін орын ретінде бекітті.

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

УЕФА Чемпиондар лигасы мен УЕФА Еуропа лигасының жеңімпаздары кездесетін беделді матч «Астана Арена» стадионында өтеді.

— Астананы таңдауға Қазақстан футбол федерациясының спорттық инфрақұрылымды дамыту және Еуропа футбол қауымдастықтары одағымен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы кешенді жұмысы негіз болды. Қазақстанда мұндай деңгейдегі матчтың өтуі — отандық спорт үшін тарихи оқиға, — делінген Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

«Астана Арена» стадионын қайта жаңғырту және инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту арқылы нысан УЕФА-ның ірі еуропалық финалдарды өткізуге қойылатын қатаң талаптарына толық сәйкестендірілмек.

Еске салайық, мұның алдында 2027 жылғы 22 сәуірде Астанада Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) 51-конгресі өтетінін жазған едік.