2029 жылға дейін 3,3 млн адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов мәлім етті.
— Орта мерзімді кезеңге кадрларға болжамды қажеттілік 3 миллион адамға жуық. Осы деректерді кәсіптік стандарттарды бекіту, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, білім беру тапсырыстарын бөлу және қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру барысында ескеру қажет. Бұл әсіресе цифрландыру мен демографиялық өзгерістер кезеңінде айрықша мәнге ие. Сонымен қатар цифрландырудың және технологиялық өзгерістердің салдарынан жаңа кәсіптер пайда болып жатыр. Мәселен, әлеуметті тьютор, дрондар операторы, жасанды интеллект маманы және басқалар, — деді Асқар Биахметов.
Сонымен қатар ол 2024 жылдан бастап Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын еске салды. Нысаналы бағдар — 3,8 млн сапалы жұмыс орны. Айқындалған өлшемшарттарға сәйкестікті көздейтін сапалы жұмыс орындарын есепке алу жүйесі енгізілді. Бұл өз кезегінде медиандық жалақыдан жоғары жалақыны қамтамасыз ету,
6 айдан астам мерзімге жұмысқа орналастыру, әлеуметтік кепілдіктермен және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету.
— Біздің алдымызда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38 пайызы жастар (95,4 мың адам), — деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жастардың еңбек нарығына келуі жылына 360 мың адамға дейін өседі.