2029 жылы Жетісу халқының 91,9% табиғи газға қол жеткізеді – әкім

Фото: «QazaqGaz»

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңір халқын тұрғын үймен және газбен қамту бағытындағы жұмыстар бойынша есеп берді.

- Биыл тұрғын үй құрылысына 7,6 млрд теңге бөлінді (56 көпқабатты және 214 жеке тұрғын үй). Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 866 пәтер сатып алынды, оған 15,9 млрд теңге көзделген. Апатты тұрғын үй мәселелерін шешуге ерекше назарда. Былтыр облыста 348 пәтер апатты деп танылып, өткен жылы 1,3 млрд теңгеге 137 пәтер сатып алынды, - деді Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып. 

Әкімнің есебінше, биыл жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңгеге 155 жаңа пәтер алынды. 

- Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына АҚ демеушілерінің есебінен 560 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жалпы биыл 2 708 пәтер салынды және сатып алынды, - деп толықтырды өңір басшысы. 

Одан әрі Б. Исабаев өңірді газбен қамту жұмыстарына тоқталды. 

- Газбен қамтуға жататын 192 елді мекеннің 63-і газ жетті. Келесі жылы 21 нысанның құрылысы жалғасып, тағы 42 нысанның құрылысы басталады. 2025 жылдың соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 126 елді мекен газдандырылады. Сондай-ақ биыл 19 тамызда «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталды. Жоба келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекеніне газ желілерін тарту жобасы әзірленіп жатыр, - дейді ол. 

Жетісу облысы әкімінің мәлімдеуінше, 2029 жылға қарай өңір халқының 91,9% табиғи газға қол жеткізеді. 

Бұған дейін Жетісу облысында 2,6 трлн теңгеге 189 инвестициялық жоба қолға алынғаны айтылды