2030 жылға қарай Екібастұз ГРЭС-2 стансасында жаңадан екі энергия блогы салынады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - ҚР Премьер-Министрінің Екібастұзға жұмыс сапары барысында Екібастұз ГРЭС-2 стансасындағы қуатты арттыру жобалары таныстырылды. Жоспар бойынша өңірде жалпы құны 1 трлн 282 млрд теңгеге екі энергия блогы салынады.
№2 ГРЭС-тегі алғашқы энергия блогы 1990 жылы пайдалануға берілген. Одан соң 1993 жылы № 2 энергия блогы іске қосылды. Үшінші энергия блогының құрылысы әуелден жоспарда болған. Дейтұрғанмен жобаны жүзеге асыру енді қолға алынып жатыр.
Премьер-министр Олжас Бектеновке құрылыс алаңы көрсетілді. Жоба бойынша 2028 жылы № 3 энергия блогы, ал 2030 жылы № 4 энергия блогы іске қосылуы тиіс. Жобалардың жалпы құны - 1 триллион 282 млрд теңге. Әрқайсысы 550 МВт қуатқа ие болады.
Жабдықтарды жеткізу 2027 жылға жоспарланған. Мамыр айында бу турбинасы мен турбогенератор, ал шілдеде бу қазандығы әкелінуі керек. Құрылыс жұмыстары кестеден қалмай жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бүгін Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды. Үкімет басшысына Екібастұздың энергетикалық әлеуеті паш етіліп, көмір өндіруді ұлғайту бойынша қолға алынған жобалар баяндалып жатыр.