2030 жылға қарай Қазақстанда мыс өндірісі 2 есе, болат өндірісі 3 есе артады

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға қарай Қазақстанда катодты мыс өндіру көлемі 2 есе, болат өндірісінің көлемі 3 есе артады. Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Олжас Сапарбеков осындай болжам айтты.

- Айдарлы, Көксай және Бенқала жаңа ірі кен орындарын іске қосу есебінен мыс кенін өндіру 2 есе немесе 300 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Темір кенін өндіру ішкі сұраныстың өсуінен және жаңа жобалардың қосылу есебінен 40% немесе 52 млн тоннаға дейін өседі. Осылайша катодты мыс өндіру көлемі 2030 жылға дейін 2 есе артып, Қостанай, Жамбыл облыстарында болат өндіру көлемі 2030 жылға дейін 3 есе артады. Біздің есебіміз бойынша 2030 жылға қарай өндірілетін металдардың көлемі ел ішінде өңдеу деңгейі жоғары өнімге қол жеткізуге мүмкіндік береді, - деді ол.

Ал мыс өңдеу көлемі 90 мың тоннаға, алюминий өңдеу 160 мың тоннаға және қорғасын өңдеу көлемі 80 мың тоннаға жетеді деген есеп бар.

Айта кету керек, елімізде алтын қымбаттап, бір грамының бағасы шамамен 56 527 теңгеге жетті.