2030 жылға қарай Өзбекстанда су тапшылығы 15 млрд текше метрге жетеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 2030 жылға қарай Өзбекстандағы су тапшылығы 15 млрд текше метрге жетеді. Бұл туралы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтіп жатқан саяси форум аясында Kun.uz агенттігіне сұхбат берген Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

- Су тапшылығы - өте күрделі мәселе. Биыл жауын-шашын мол түсіп, жағдайды тұрақтандыруға оң әсер етті. Тәуелсіздік жылдарында біз өзендерден бұрынғыға қарағанда 10-12 млрд текше метрге аз су алып келеміз. 2030 жылға қарай республикадағы су тапшылығы 15 млрд текше метрге жетеді. Сондықтан қазірдің өзінде суды үнемдеп, тамшылатып суару технологиясын кеңінен енгізу қажет, - деді Шавкат Хамраев.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ол атап өткендей, биыл жалпы мемлекеттік бюджет қаражатының 4-4,2%-ы дәл осы секторды дамытуға бөлінген.

- Климаттың өзгеруі, жауын-шашынның азаюы және өзен арналарының тартылуы салдарынан еліміздегі су тапшылығы деңгейі 169%-ға жеткен еді. Алайда 2017-2022 жылдар аралығында оны 122%-ға дейін төмендете алдық, яғни 47%-ға қысқарттық. Осы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 117%-ға дейін төмендейді. Ал 2030 жылға қарай су тапшылығы деңгейін 95%-ға дейін түсіреміз. Қазірдің өзінде біз жыл сайын 11 млрд текше метр суды үнемдеп келеміз, - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Kazinform агенттігі су тапшылығы проблемасы Орталық Азия елдерін біріктіретін құралға айналып жатқаны туралы жазып еді.

Қоса кетсек, өзбекстандық сарапшылардың болжамына сай, 2030 жылға қарай аймақ елдері ауыз су тапшылығын сезінуі мүмкін.