2030 жылға дейін егістік жерлердің 15 пайызы су үнемдейтін технологияға көшіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің Жолдауында көрсетілген мақсаттарды іске асыру бойынша 2030 жылға дейін егістік жерлердің 15 пайызы су үнемдейтін технологияға көшіріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, Елбасы өз Жолдауында рентабельдігі төмен дақылдарды өңдеуден көкөніс, майлы дақылдар мен жемшөп өңдеуге көшу қажеттілігін айтады. Осыған байланысты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ көкөніс өсіру бағытында фермерлердің кооперациялау механизмдерін пайдаланып, тамшылатып суару жүйелерін сатып алу, отбасылық жедел алма бақшаларын дамытуға арналған несиелеу бағдарламасын ашып отыр.

«Өздеріңізге белгілі, бүгінде елімізде су үнемдейтін технологиялар аз пайдаланылады. Дегенмен, Президенттің Жолдауында көрсетілген мақсаттарды іске асыру бойынша 2030 жылға дейін егістік жерлердің 15 пайызын осындай су үнемдейтін технологияларға көшіруіміз қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, өз қызметінің аясында Қор ағымдағы жылы егісітік жерлердің 1000 гектарында тамшылатып суару жүйелерін енгізуді жоспарлаған. Бұл бағыт жаңа технологияларды пайдаланатын фермерлерге өнім көлемін 1,5-2 есеге көбейтуге мүмкіндік береді.

«Әлем бойынша алманы ең ірі өндірушілер - Қытай, Польша, Италия тәрізді елдер пайдаланатын технологияларды енгізу бойынша біздің бастамамыз отандық алма өсіретін шаруашылықтарға да жаңа серпін береді деп сенемін. Бүгінгі таңда әлемдегі алманың 48,4 пайызын қытай өсіріп, 2002 жылдан бұл саладағы тиімділігін екі есеге дейін көтерді. Елімізде мұндай көрсеткішке жетуге ешқандай кедергі көріп отырған жоқпын. Осы жылы Қор 100 гектарда жеделдете алма бақшаларын өсіруге кіріседі», - деді Н. Сарыбаев.