2030 жылға қарай Астананың тұрғын үй қоры 37 миллион шаршы метрге жетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай Астана қаласының тұрғын үй қоры 37 миллион шаршы метрге жетуі керек. Бүгін Мәжілісте «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде жлға берілетін тұрғын үй құрылысының барысы мен тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту шаралары тақырыбындағы дөңгелек үстелде Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун мәлім етті.

«2030 жылға қарай Астана қаласының халық саны 1 миллион 220 мың болғанда, елордадағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 37 миллион шаршы метрге жетуі керек. Бұл ретте бір тұрғынға 30 шаршы метрден келетін норма қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда Астананың тұрғын үй қоры 19 миллион шаршы метрді құрайды. Бұл ретте соңғы 18 жылда 15,5 млн. шаршы метр пайдалануға берілген. Яғни, біз 2030 жылға дейін белгіленген межеге жету үшін жыл сайын 1 млн. 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс», - деді С. Хорошун.

Әкім орынбасарының айтуынша, 2015 жылы қалада 1 млн. 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш ағымдағы жылы 2 млн. шаршы метрге жеткізілмек.