2030 жылға қарай ел халқының 56 пайызы көгілдір отын қызығын көреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай ел халқының 56 пайызы газға қол жеткізеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

«Елімізді газдандыру жөнінде басты сызбамыз бар. Ол Үкіметтің 2014 жылғы 4 қарашадағы қаулысымен қабылданған. Оған сәйкес 2030 жылға қарай ел халқының 56 пайызы газға қол жеткізеді. Яғни, 1600 елді мекенге газ беріледі. Осылайша, біздің пайдаланатын газымыздың мөлшері отызыншы жылға қарай 18 млрд. текше метрге жететін болады», - деді ол. Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта пайдалануға берілген ірі газ құбырларының бірі - «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбыры. Ол Сырдың бойымен өткендіктен, көптеген елді мекендер газдандырылады. Бұдан бөлек аймқатарға да газ жеткізу жұмыстары жалғаса беретін болады. «Магистральдық құбырлар салынғаннан кейін елді мекендерге орта және төменгі қысыммен газ жеткізетін жүйелері жергілікті әкімшілік бюджеттері есебінен салынады. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен де қаржы бөлінеді», - деді Ұ.Қарабалин.