2030 жылға қарай елімізде электр энергиясын тұтыну жылына 130 млрд кВт/сағатты құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясын тұтыну жылына 130 млрд кВт/сағатты құрайтын болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелерімен кездесу барысында Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлім етті.

«Экономиканың дамуына орай, электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсімі шамамен 4-6 пайызды құрайды. Біз бүгін осы мәселемен айналысып жатырмыз, бұндай мәліметтерді жаңарту үшін жобалық институттармен жұмыс істейміз. Сонымен қатар электр энергиясын тұтынудың болжамын екі немесе үш жылда бір рет жаңартып отырамыз, сөйтіп Қазақстан экономикасының электр энергиясын тұтынуын орнықты қамту үшін алдын ала жобаларды жүзеге асырмақпыз. 2012 жылдан бастап электр энергиясын тұтыну төмендеген болатын. 2013 жылы біз 14 350 мВт-тың орнына 13 153 мВт-қа жеттік», - деді Бақытжан Жақсалиев.

Оның айтуынша, елімізде электр энергиясын тұтыну ауқымы сатылап дами түседі және 2013 жылға қарай 130 млрд кВт-сағатты құрамақ.

«Бүгінгі таңда Қазақстан дамуының, соның ішінде 2030 жылға дейінгі электр энергиясын тұтыну мен өндірісі бойынша жоспарлар пысықталған. Бұдан бөлек, электр энергетикасы саласы бойынша инфрақұрылымды дамыту стратегиясы әлі де нақтылана түсетін болады», - деді вице-министр.