Аустралияда Олимпиада Ойындары алғаш рет 1956 жылы Мельбурнде, екінші рет 2000 жылы Сиднейде болған. Енді Брисбен осы елдің дүбірлі дода өтетін үшінші қаласы атанып отыр.
«Халықаралық Олимпиада комитеті 35-ші Олимпиаданың Аустралиядағы Брисбен қаласында өтетінін хабарлайды», - деді ХОК басшысы Томас Бах.
Ойынға қатысу өтінішін Аустралия Олимпиада комитетінің президенті және ХОК вице-президенті Джон Коутс ұсынған.
Ойындар 2032 жылы 23 шілдеде басталмақ.
ХОК-тың Атқару комитеті бірауыздан Брисбен қаласын 2032 жылдың маусымында қабылдаушы тарап ретінде ұсынды. Осы жылдың ақпан айында ХОК бұл қаланың Ойындарды өткізуге қолайлы жер екенін айтқан.
Квинсленд премьер-министрі Анастейша Палащук пен Брисбен мэрі Адриан Шриннердің басшылығымен аустралиялық делегация ХОК сессиясының мүшелеріне өз қалаларының артықшылықтары туралы айтып берді. Аустралияның премьер-министрі Скотт Моррисон Жапонияға келе алмады. Өйткені ол Лондондағы G7 саммитіне барып келгеннен кейін екі апталық карантиннен өтуде.
Премьер-министр сессияға бейнебайланыс арқылы қосылды.
«Аустралия мен Квинсленд үкіметі ойындарға дайындық кезінде жүзеге асатын инфрақұрылымдық жобаларды толығымен қаржыландырады», - деді ол.
2,2 млн халқы бар Брисбен – Аустралияның аумағы бойынша үшінші ірі қаласы және Квинсленд штатының астанасы. Ол елдің ЖІӨ-нің 9%-ын құрайды.
Ал 2024 және 2028 жылғы Жазғы Ойындар Париж және Лос-Анджелес қалаларында өтпек.