2033 жылдың соңында ЖІӨ өсім қарқыны базалық сценарийге қатысты 1,3 пайызға артпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жасыл экономика» нәтижесінде 2033 жылдың соңына таман ЖІӨ өсім қарқыны базалық сценарийге қатысты 1,3 пайызға артатыны болжанады. Бүгін Астанада Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің төртінші отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті. Кеңес барысында Қазақстанның Париж климаттық келісімін іске асыру тетіктері талқыланған болатын.

«Энергетика министрлігі Дүниежүзілік банкпен әріптестік аясында алға жүктелген міндеттерге 2030 жылға дейін қол жеткізу мәселелерін зерттеген болатын. Есептеулерге сәйкес, шығарындыларды төмендету саясаты бойынша макроэкономикалық секторда оң нәтижелерге қол жететіні күтіледі. 2033 жылдың соңына таман ЖІӨ өсім қарқыны базалық сценарийге қатысты 1,3 пайызға артатыны болжанады. Париж климаттық келісімін ратификациялаған жағдайда Қазақстан мұнай-көмірсутекті дамыту саласында айтарлықтай мүмкіндіктерге ие болады», дейді Қ. Бозымбаев.

Энергетика министрінің сөзіне қарағанда, бұл ең алдымен ұлттық экономиканың барлық секторында энерготиімділікті арттыру есебінен орын алмақ. Екіншіден, тиімділік жаңартылатын энергия көздерін дамыту есебінен, үшіншіден, орман мен жасыл желектерді дамытудан, төртіншіден, шығарындылар саласындағы жүйелі сауданы дамыту есебінен орын алатыны болжанады.

«Шығарындыларды төмендетудің ең ауқымды әлеуеті шығарындылармен саудаласу секторларында, соның ішінде электр мен жылу өндіру, мұнай және көмір өндіру саласында орын алып отыр», - деді министр.