2035 жылға қарай Франция әскерінде еріктілер саны 50 мыңға жетеді

Фото: Wikimedia

АСТАНА. KAZINFORM – Франция Президенті бейсенбі күні 2026 жылы Франция 18-19 жас аралығындағы жастар үшін ерікті әскери қызмет бағдарламасын бастайтынын жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бастапқыда 3 мың ерікті тарту жоспарланған, ал 2035 жылға қарай қатысушылар саны 50 мыңға жетуі тиіс.

Бағдарлама аясында жастар арнайы «мобилизация күні» кезінде іріктеледі, олардың әскери қызметке деген ынтасы мен қарулы күштердің қажеттіліктері ескеріледі.

Еріктілер он ай қызмет атқарады: бірінші айда әскери істердің негіздері мен қаруды қолдануды үйренеді, қалған тоғыз айда тек Франция аумағында орналасқан әскери бөлімде қызмет етеді.

Еріктілер қызметі үшін ақы алады және 2015 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Францияның ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету операциясы Sentinelle қоса алғанда, барлық миссияларға қатысады.

Эмманюэль Макрон Францияда 1996 жылы тоқтатылып, 2001 жылы толық аяқталған жалпы әскери міндетке оралу мүмкіндігін жоққа шығарды. Ол бағдарламаға сәйкес әр жыл сайын 600–800 мың жас тартылуы тиіс.

— Бізге мобилизация қажет, — деді Э.Макрон, Францияның әрдайым дайын болуы және құрметке ие болуы маңызды екенін атап өтті.

Президент бұл бастаманы Францияны тез дамып келе жатқан қатерлерден қорғау шарасы деп сипаттады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Макрон жақын арада әскери қызметке ерікті шақыру туралы жариялауы мүмкін екені айтылған еді.