Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» Жария акционерлік қоғамы арасында «Ишим — Астана» магистралдық газ құбырын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.
— Жобаны іске асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын газдандыру жобалары уақытылы қаржыландырылған, сондай-ақ «Ишим — Астана» магистралдық газ құбыры жобасы табысты іске асырылған жағдайда, елді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, — деді Е. Ақкенженов.
2025 жылы газ транзиті 70,4 млрд текше метр болды. Биылғы жоспар — 73,3 млрд текше метр.
— Алғашқы 5 айдағы нақты көрсеткіш 30,3 млрд текше метрге жетті. Жыл қорытындысы бойынша барлық жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген, — деді Энергетика министрі.
Айта кетейік, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті. Тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр.