2035 жылға қарай Ертістен Астанаға жылына 163 млн текше метр су алынады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аян Смағұлов редакцияның сауалына жолдаған жауабында астананың қажеттіліктері үшін Ертіс трансшекаралық өзенінен қанша су алынып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ертіс өзенінен су тұтынуға қатысты айтсақ, 2010 жылдан 2022 жылға дейін Ертіс-Қарағанды каналынан су берілмеді. Су аз жылдарға және қажетті көлемнің тапшылығына байланысты Астана су қоймасында 2023 жылы Ертіс-Қарағанды каналынан 89 млн текше метр көлемінде су берледі», - деп жазады Аян Смағұлов.

Бұл көлем 2035 жылға дейін біртіндеп арта бермек.

«Жаңа төртінші сорғы-сүзгі стансаның су алатын Ертіс-Қарағанды каналы болады. Осылайша, 2035 жылға қарай Ертіс-Қарағанды каналынан жалпы су тұтыну жылына 163 млн текше метр болады», - делінген жауапта.