2050 жылға қарай әлемдегі әр алтыншы адамның жасы 65-тен жоғары болады

Фото: Фото: shutterstock.com

Әлем тұрғындарының қартаю мәселесін шешу, қарттардың денсаулығын, әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсарту және осы мәселеден хабардар ету мақсатында жыл сайын 1 қазанда Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. БҰҰ Бас Ассамблеясы мұндай резолюцияны 1990 жылдың желтоқсанында қабылдады. ҚазАқпарат бұл туралы Анадолы агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Биылғы БҰҰ Халықаралық қарттар күні «Қарттарға арналған адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияны орындау – Ұрпақтар арқылы» тақырыбына арналған. Арнайы іс-шаралар арқылы әлем қарттарының жағдайы, олардың негізгі құқықтары мен еркіндігі мәселесі қаралады.

2023 жылға арналған Дүниежүзілік әлеуметтік баяндама бойынша, ғаламшар тұрғындарының ішінде қарттардың үлесі артқаны байқалады.

Болжам бойынша, әлемде 65 және одан асқан адамдар саны екі есе артады. 2021 жылы 761 млн адам болса, 2050 жылға қарай 1,6 млрд адамға жетуі мүмкін. 80 жас және одан асқандар саны тіпті жылдам өседі.

Қазіргі уақытта әлемде 60 жастан асқан 700 миллионға жуық адам бар екен. 2050 жылға қарай олардың саны екі миллиардқа жетіп, әлем тұрғындарының 20 пайызына тең болмақ.

Қарттар саны әсіресе дамушы елдерде қарқынды өседі. Азия қарты ең көп аймаққа айналса, Африкада барлық жастағы тұрғындардың саны қатар артады деген болжам бар.

БҰҰ баяндамасында білім мен денсаулық сақтауға қол жеткізу деңгейі адамдардың өмір сүру ұзақтығы мен қартайған кездегі денсаулығына әсер ететіні аталып өтілген. Табыс теңсіздігі мен жағымсыз еңбек шарттары қарттардың өмір сапасына кері әсер етеді.