2050 жылға қарай әрбір алтыншы қазақстандық 60 жастан асуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны шамамен 20,5 млн адамға жетті.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

 Оның ішінде 25 жасқа дейінгі азаматтар — 8,79 млн адам (42,9%), 25 жастан 65 жасқа дейінгілер — 9,73 млн адам (47,5%), 65 жастан асқандар — 1,98 млн адам (9,6%). Демографиялық болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай халық саны 26,5 млн адамға дейін өседі.

Қазақстан халқы санының өсуімен қатар оның жас құрылымы да өзгеруде: өмір сүру ұзақтығы артып, туу деңгейі төмендеп, егде жастағы азаматтардың үлесі өсуде, сондай-ақ еңбекке қабілетті халық санының зейнеткерлер санына арақатынасы қысқаруда. Бұл өзгерістер елдің әлеуметтік-экономикалық жүйесіне, оның ішінде зейнетақы жүйесіне елеулі ықпал етіп отыр.

Демография мен еңбек нарығындағы жаһандық үрдістерді ескере отырып, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, ұзақ мерзімді теңгерімді және зейнетақылардың лайықты деңгейін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау» міндетін қойды.

Өмір сүру ұзақтығы және егде жастағы адамдардың үлесі

Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2020-2021 жылдары COVID-19 індетіне байланысты төмендеген 2021 жылғы 70,23 жастан 2025 жылы 75,97 жасқа дейін ұлғайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, індет кезінде 71,4 жасқа дейін төмендеген әлемдегі орташа күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2025 жылға қарай індетке дейінгі деңгейіне қайта оралып, орта есеппен 73,8 жасқа жетті.

Осылайша, Қазақстан күтілетін өмір сүру ұзақтығы көрсеткішінің өсуі бойынша әлемдік көшпен бірге жылжып келеді.

Жыл

2015

2016

2017

2018

2019

2020

2021

2022

2023

2024

2025

Бүкіл халық (жасы)

71,97

72,41

72,95

73,15

73,18

71,37

70,23

74,44

75,09

75,44

75,97

Ерлер (жасы)

67,49

67,99

68,72

68,84

68,82

67,09

66,33

70,26

70,99

71,33

72,91

Әйелдер (жасы)

76,26

76,61

76,92

77,19

77,3

75,53

74,03

78,41

79,06

79,42

79,8

— Бұл ретте егде жастағы халық үлесінің айтарлықтай өсуі болжанады. БЖЗҚ мен Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамдарына сәйкес, 2050 жылға қарай 60 және одан жоғары жастағы азаматтардың үлесі Қазақстандағы халықтың жалпы көлемінің 18,8% — на жетеді, бұл халықаралық жіктеу бойынша «демографиялық кәріліктің өте жоғары деңгейі» көрсеткішіне сәйкес келеді. Басқаша айтқанда, ғасырдың ортасына қарай орта есеппен әрбір алтыншы қазақстандық 60 жастан асқан болады, — делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Туудың жиынтық коэффициенті

Халықтың құрылымына айтарлықтай әсер ететін көрсеткіштердің бірі — туудың жиынтық коэффициенті. Ол бір әйелдің бүкіл репродуктивтік кезеңі ішінде (яғни шамамен 15 жастан 50 жасқа дейін) орта есеппен қанша бала туатынын көрсетеді.

2020–2021 жылдардағы ТЖК-нің қалыпты өсуінен кейін, оның тұрақты төмендеу үрдісі байқалды: 2021 жылғы 3,32-ден 2022 жылы 3,06-ға дейін, ал 2025 жылы 2,57-ге дейін төмендеді. БҰҰ-ның ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстандағы ТЖК-нің бір әйелге шаққанда 2,39 бала деңгейіне дейін төмендейді.

Қазақстандағы 2015–2025 жылдар аралығындағы ТЖК-нің нақты мәндері төмендегі кестеде көрсетілген:

Жыл

2015

2016

2017

2018

2019

2020

2021

2022

2023

2024

2025

ТЖК

2,74

2,77

2,75

2,84

2,90

3,13

3,32

3,06

2,97

2,80

2,57

Туу деңгейінің төмендеуі — әлемдік деңгейде байқалып отырған үрдіс. Бұл өмір сүру ұзақтығының артуымен қатар жүріп, еңбекке қабілетті жастағы халық үлесінің қысқаруына алып келеді. Соның салдарынан экономикалық белсенді халыққа түсетін демографиялық жүктеме артады.

Қазақстандағы БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA) өкілдігі «Қазақстан Республикасындағы халықтың ахуалын талдау» атты есебінде 2050 жылға қарай көші-қон сальдосының біртіндеп нөлдік деңгейге (1000 адамға шаққанда 0) жететінін болжайды. Бұл болжам республиканың еңбек күшіне деген жоғары сұраныспен қатар жүретін экономикалық дамуына, этникалық эмиграция әлеуетінің біртіндеп сарқылуына, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі елдер халқының жылдам өсуіне негізделген.

Төменде 2021–2025 жылдар аралығындағы иммигранттар мен эмигранттар саны келтірілген:

Жыл

2 021

2 022

2 023

2 024

2 025

Келді

11 039

17 425

25 387

29 282

23 761

Кетті

32 256

24 147

16 094

12 732

7 608

Көші-қон сальдосы

-21 217

-6 722

9 293

16 550

16 153

Осылайша, індеттен кейін Қазақстанға келушілердің жыл сайынғы саны 2021 жылдан бастап 2,15 есе өсті, ал кеткендердің саны 4,24 есе азайды.

Әлеуетті қолдау коэффициенті

Әлеуетті қолдау коэффициенті — әлемде еңбекке қабілетті жастағы адамдар санының (25-тен 64 жасқа дейін) 65 жастағы және одан асқан адамдар санына қатынасы ретінде есептелетін көрсеткіш. Бұл коэффициенттің төмендеу үрдісі жалғасып келеді.

— Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың (25–64 жас) егде жастағы адамдарға (65 жас және одан жоғары) арақатынасы 2012 жылғы 7,68-ден 2025 жылы 4,95-ке дейін төмендеді. Егде жастағы халық санының күтілетін өсімін 25-тен 64 жасқа дейінгі халық үлесінің қысқаруымен ұштастыра отырып (диаграмманы қараңыз) жасалған болжамдарға сәйкес (БЖЗҚ-да, БҰҰ-да), Қазақстанда 2025-2050 жылдар кезеңінде ӘҚК 1,4 еседен астам төмендейтінін білдіреді: 65+ жастағы 1 адамға шаққанда еңбекке қабілетті жастағы 3,42 адам ғана келеді, — делінген хабарламада.

Әлеуетті қолдау коэффициенті бойынша нақты дерек пен болжам

Осылайша, бүкіл әлемдегідей, Қазақстандағы демографиялық өзгерістер де ел бюджетіне түсетін әлеуметтік жүктемені күшейтетін болады. Мұндай жағдайда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің маңызы арта түседі. Бұл жүйеде болашақ зейнетақы жұмыскер мен жұмыс берушінің жарналары есебінен қалыптастырылады, соның нәтижесінде бюджетке ұзақ мерзімді кейінге қалдырылған міндеттемелер жүктелмейді, зейнетақы жүйесінің теңгерімділігі мен қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етіледі және оның демографиялық факторларға тәуелділігі төмендейді.

Демографиялық өзгерістер жағдайындағы жеке зейнетақыны жоспарлау

Демографиялық өзгерістер (халықтың қартаюы, өмір сүру ұзақтығының артуы, бала туу деңгейінің төмендеуі) жағдайында жеке зейнетақыны жоспарлаудың рөлі артып келеді.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі азаматтарға тұрақты жарналар мен инвестициялық кіріс есебінен өздерінің болашақ зейнетақы түріндегі табыстарына өз бетінше ықпал етуге мүмкіндік береді.

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енетін Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер зейнетақы жинақтарын басқарудың қосымша мүмкіндіктерін ұсынады. БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұдан басқа, әрбір ИПБ тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілігі және инвестициялар құрылымы бойынша ерекшеленетін үш инвестициялық портфельге дейін (консервативті, қалыпты және тәуекелі жоғары) ұсына алады. Бұл салымшыларға өздерінің қаржылық мақсаттарына сәйкес келетін инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндік береді.

Айта кетелік Қазақстанда зейнеткерлерге онлайн несие рәсімдеуге тыйым салынған еді