Климат өзгерісінің зардабын болашақ ұрпақ тартады - Нобель сыйлығының лауреаты
Таразда Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресі аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Климаттың өзгеруі және экологиялық дағдарыс» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунг қатысты, деп хабарлайды Kazinform.
Рае Квон Чунг – Инчхон ғылым конвергенциясы және технология институтының климат өзгерісі бойынша шешімдерімен жұмыс істейтін құрметті профессоры.
Ол Пан Ги Мун қорының климат және энергетика жөніндегі директорлар кеңесінің мүшесі, «Жаһандық энергетика» сыйлығы халықаралық комитетінің төрағасы.
Жиында профессор климаттың өзгеруі, аймақтағы су және экологиялық проблемалар жөнінде сөз қозғады.
Ғалымның айтуынша, климаттық өзгеріс адамзатқа үлкен қауіп төндіреді.
Соңғы 4-5 жылда ғаламдық температура 1,5 есе жоғарылаған.
Ал 2050 жылға қарай температура тіпті 3 есеге дейін артуы мүмкін. Яғни, климаттық өзгерістің зардабын болашақ ұрпақ тартады деген сөз.
«Мен климаттық өзгерісті 1991 жылдан бері зерттеп келемін. Осы уақытқа дейінгі талдауларыма сүйене отырып, проблеманың көзі – еркін нарықтық экономиканың салдары деген қорытындыға келдім. Яғни, өнеркәсіптерден бөлінетін көмірқышқыл газы климаттың өзгеруіне әсер етеді. Қаншама жылдар бойы көмірқышқыл газдың мөлшерін азайту керек деп айтқанымызбен, еш шара қолданылмай келеді», – деген ғалым ендігі шешім адамзаттың өз қолында екенін айтты.
Сондай-ақ, жиында Рае Квон Чунг Жамбыл өңіріндегі қоқыс, қоршаған ортаның ластануы проблемаларына да тоқталып өтті.
Халық саны аз бола тұра, облыста қоршаған ортаның ластану көрсеткіші жоғары екеніне таңданысын білдірді.
Мұның бір себебін қоқысты қайта өңдейтін зауыттардың болмауынан және қоқыс үшін қосымша ақы төленбеуінен деп түсіндірді.
«Мәселен, Кореяда өнеркәсіп орындарынан еш қоқыс қалмайды. Өйткені онда өндірістік қалдықтар толықтай қайта өңделеді. Тұрмыстық қалдықтар да келесі жылында толықтай жойылады, себебі ол да өңделеді. Осылайша энергияның 20 пайызы қоқыстан алынады. Қазір Корея 4 тонна мұнай қалдығын қайта өңдеп, одан 1 тонна мұнай алып жатыр. Сондықтан ауаның ластанбау мүмкіндігі де онда жоғары. Сіздерде ең алдымен тұтынушылардың жауапкершілігі жоғары болғаны жөн. Бұл мәселені екі елдің байланысын нығайта отырып та шешуге болады», – деді Нобель сыйлығының иегері.
Бұған дейін Таразда жастар 4 тоннаға жуық қоқыс жинағанын жазған болатынбыз.