ОПЕК бас хатшысы: Қазақстан Президенті — әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қайраткер
АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) бас хатшысы Хайтам Әл-Гаис Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстанның ОПЕК+ форматындағы орны туралы пайымын айтты.
— Бас хатшы мырза, ОПЕК+ форматында Қазақстанның ұстанымы қаншалықты шешуші рөл ойнайды деп ойлайсыз?
— Қазақстан жаһандық энергетика нарығында елеулі ойыншы болып есептеледі. Мұнай мен газ, табиғи ресурстар, географиялық орны Қазақстанды Еуропа мен Азия үшін маңызды серіктеске айналдырды.
Қазақстан ОПЕК+ форматындағы әріптестік декларациясына он жыл бұрын қол қойды. Сол сәттен бастап альянстың негізін қалаушылардың бірі болып есептеледі. Бұл елдің аумағында 30 млрд баррельге жуық дәлелденген мұнай қоры бар. Басқаша айтсақ, әлемдегі мұнай қорының кемінде 2%-ы Қазақстанда шоғырланған деген сөз. Осының арқасында елдеріңіз сенімді энергия жеткізуші ел ретінде мойындалып отыр.
— Қазіргі геосаяси ахуал Қазақстанның мұнай экспортын қай бағытта дамытады деп болжайсыз?
— Мен Қазақстан өзін мұнай мен газды сенімді жеткізуші ел ретінде көрсетті деп айтар едім. Географиялық орны оны Еуропа, Азия және Орталық Азия арасындағы маңызды көлік торабына айналдырып жатыр. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжірибелі басшылығы орнатқан саяси тұрақтылық инвесторлар мен серіктес елдердің көңіліне сенімділік ұялатады.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен алғаш рет кездестім. Бұл - мен үшін зор мәртебе. Ол - әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қайраткер ретінде мойындалған басшы, ал оның даналығы мен тәжірибесі Қазақстанның жетекші энергетикалық ресурстар жеткізушісі ретінде табысты дамуының айқын дәлелі болып отыр. ҚР Президенті ОПЕК-тің жаһандық нарықтарды тұрақтандыру бастамасына ашық қолдау білдірді. Ол менің сапарымды ОПЕК пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты үкіметтік және институционалдық деңгейлерде тереңдету жолындағы қадам ретінде жылы қабылдады.
Үкіметтің шетелдік инвестицияларға ашықтығы жергілікті компаниялармен тығыз ынтымақтастықпен бірге энергоресурстар экспортының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазақстан мұнай мен газ нарығында ғана емес, уран және басқа да стратегиялық минералдар саласында маңызды ойыншы болып есептеледі. Сондай-ақ жел энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздері саласында барған сайын белсенді дамып келеді.
ОПЕК-тің ұстанымы бойынша энергетика болашағы мұнай, газ, ядролық энергетика мен жаңартылатын көздерге бірдей ықыласпен инвестиция тартуды талап етеді. Осы ұстаным Қазақстанның ұстанымымен үндес. Экономика мен халық саны өсіп келе жатқанын ескерген мемлекеттеріңіз қазірдің өзінде энергия жеткізудегі әлеуетін әртараптандырып жатыр.
— Қазір мұнайдың өтімділігі туралы түрлі пессимистік болжам айтатын сарапшылар көп. ОПЕК алдағы екі жылда сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін қандай шаралар арқылы ұстап тұрмақшы?
— 2016 жылдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ мұнай нарығында тұрақтылықты сақтау үшін дәйекті түрде жұмыс істеп келеді. 2020 жылы COVID-19 пандемиясы әлемдік сұранысты бұрын-соңды болмаған деңгейде құлдыратқан кезде осыны айқын аңғардық. Өндіріс көлемін түбегейлі түзетудің арқасында ОПЕК+ тұрақтылықты салыстырмалы түрде тез қалпына келтіре алды.
Біз болашақта ұсыныс пен сұранысты инвестицияларды ынталандыратын сенімді орта құра отырып, теңестіреміз. Тұрақтылық мұнайға деген сұранысты ұзақ мерзімде сақтайтын маңызды фактор деуге болады. ОПЕК 2050 жылға қарай әлемдегі мұнайға деген сұраныс тәулігіне 123 миллион баррельге жететінін болжап отыр. Бұл мақсатқа жету үшін инвестицияны қазірден салу керек. Өйткені мұнай өнеркәсібінде жаңа қуаттарды қосу үшін көп жылдар керек. Ал мұнай өндірісі жыл сайын шамамен 5-6% құлдырап барады.
Мұнай мен газға инвестиция салудан тартынуға үндейтін мәлімдемелер қате әрі қауіпті. Өйткені болашақтағы энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Әлемдік экономиканың орнықты өсуі үшін — Қазақстан сияқты мұнай мен газға, энергияның басқа да көздеріне инвестиция салуды тоқтатпау маңызды.
— ОПЕК-ке Орталық Азия мен Каспий аймағынан бақылаушы елдер мүше болып кіруі қаншалықты мүмкін дүние деп есептейсіз?
— ОПЕК әрқашан ашық есік саясатын ұстанып келеді. Біздің жарғылық құжаттарымызда жаңа мүшелерді қабылдаудың негізі нақты айқындалған. Мүшелікке үміткер елдер мұнай экспортын ашық әрі таза ұйымдастырып, ұйымның принциптерімен, құндылықтарымен үндескен саясат жүргізу керек.
ОПЕК мұнай өндірушілермен ғана емес, Үндістан, Қытай, Еуропалық Одақ сияқты тұтынушылармен де жан-жақты диалог жүргізеді. Біздің ұстанымдарымыз инклюзивті байланысқа, ынтымақтастыққа, жаһандық энергетикалық диалог шеңберінде өзара түсіністікті қалыптастыруға бағытталған.
— ОПЕК жаһандық энергетикадағы көмірсутектің үлесін азайту саясатын сынағанын білеміз. Қазақстан осы саясаттың өзі үшін барынша әділетті іске асуы үшін не істеу керек деген пікірдесіз?
— Энергетикадағы ұлы көш ұғымы мұнай мен газдан бас тарту деген мағынада жиі қолданылып кетті. Бірақ тарихқа қарасаңыз, энергетика саласындағы көштер бір көздің азаюы есебінен емес, жалпы сұраныстың артуымен жүріп отырған. Ағаш, көмір, мұнай, газ, жаңартылатын көздер — бәрінің тұтыну көлемі жыл сайын тек артып келеді.
Әр ел осыны ескеріп өзіне тиімді жолды таңдай алу керек. Қазақстан үшін мұндай жол мұнай мен газдың ірі өндірушісі ретіндегі орнын жоғалтпастан, уран мен жаңартылатын қуат көздеріне көптеп инвестиция тарту болмақ. БҰҰ конвенциясы бекіткен «жалпыға бірдей сараланған жауапкершілік» қағидаты іргетас болып қала береді. Өйткені дамушы елдер дамыған экономикалармен қатарласып шауып кете алмайды. Қоршаған ортаға тасталатын шығарындылардың көлемін қысқарту әр елдің энергетикалық қауіпсіздігімен үйлесімді қарқынмен жүру керек. ОПЕК қуат көзінің ешқайсысы кемсітуге түспеу керек деген ұстанымды берік ұстана береді. Ең бастысы орнықты энергияға баршаның қолы жетіп, бәрі де өзін қауіпсіз сезіне алу керек.
Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ОПЕК бас хатшысы Хайтам әл-Гаисты қабылдады.