2050 жылға қарай Солтүстікте адам саны 1 миллионға азаюы мүмкін – депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Әсем Рахметова еліміздің демографиялық және көші-қон мәселелеріне алаңдатушылық танытты.

Фото: Kazinform/Midjourney

«Тағы бір өзекті мәселе – еліміздің географиялық әр алуандығына байланысты халықтың қоныстану тығыздығының теңсіздігі мен ішкі көші-қонның реттелмеуі болып отыр. Соңғы деректерге сүйенсек Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалар, сондай-ақ агломерациялар негізгі көші-қон ағынын тартып отыр. Ал олардың инфрақұрылымы оған төтеп бере алмауда», - деді Әсем Рахметова Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Халық қалаулысы келтірген мәліметке сәйкес, 2050 жылға қарай елдің оңтүстік өңірлерінде халық саны 5,2 миллионға артып, солтүстікте 1 миллион адамға азаюы мүмкін.

«Өңіраралық ерекшелікке сәйкес оңтүстік аймақ – туу көрсеткішінің жоғарылығымен, халықтың қоныстануының тығыздығымен, жер ресурстарының тапшылығымен, жұмыс күшінің жыл сайынғы артуымен ерекшеленеді (2023 жылғы 1 тоқсанда оңтүстік өңірлердегі жұмыссыздық деңгейі 5% болған). Керісінше солтүстік аймақ – халықтың тығыздығының төмендігі, еңбекке қабілетті жастардың өңірден кетуі, қартаю үрдісі, туу мен экономикалық белсенділіктің құлдырауымен ерекшеленіп отыр», - дейді ол.

Оның айтуынша, елдің даму перспектикасына ішкі көші-қонның қазіргі тенденциясы қолайсыз.