2050 жылға қарай әлем халқының 70 пайызы қалаларда өмір сүреді

АСТАНА.ҚазАқпарат - 2050 жылға қарай ғаламшар тұрғындарының 70 пайызы қалаларда тұратын болады. Бұл туралы Куала-Лумпурда өтіп жатқан Бүкіләлемдік қалалар форумында айтылды, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтар орталығы.

Жиында сөз сөйлеген БҰҰ Елді мекендер бойынша бағдарламасының басшысы Маймунах Мохт Шариф жуықта жасалған зерттеулер тұрақты урбанизация ғаламдық жылыну мен кедейшілік сияқты мәселелерді шешудің маңызды құралы екендігін айтты.

Қазірдің өзінде жер бетіндегі адамзат атаулының жартысы қалаларда тұрады екен. 2050 жылға қарай олардың саны 6,3 миллиардқа жетпек. Қазір адамдар ең көп орналасқан қала Токио, мұнда 37,2 млн адам өмір сүреді. Одан кейін Дели қаласы - 22,7 млн, Мехико мен Нью-Йорктің 20,4 млн тұрғыны бар.

Форумның күн тәртібінде 2030 жылға дейінгі даму жоспарлары қаралды. Алға қойылған 17 мақсаттың бірінде қалалалардың қауіпсіздігі мен беріктігін күшейту туралы айтылады.