2050 жылға қарай еліміздің солтүстігінде халық саны 1 млн. адамға кеміп, оңтүстікте керісінше 5,2 млн. адамға артуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі үдеріс сақталса, 2050 жылға қарай еліміздің солтүстігінде халық саны 1 млн. адамға кеміп, оңтүстікте керісінше 5,2 млн. адамға артуы болжанады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

«Жыл сайын еліміздің ішкі көші-қонына 337 мың адам қатысып отыр. Оның ішінде 146 мың адам облыстар арасындағы көші-қонды құраса, 191 мыңы бір облыстың ішіндегі көшке ұласады», - деді заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов. Оның айтуынша, ішкі көші-қонның бүгінгі таңдағы басты проблемасы - халықтың шоғырлануындағы айтарлықтай теңсіздігі мен ел аумағы бойынша жұртшылықтың орналасу теңсіздігінде жатыр.

«Бұл әсіресе еліміздің оңтүстік және солтүстік өңірлерінде айқын көрініп отыр. Сараптамалық болжамдарға сүйенсек, бүгінгі үдеріс сақталса 2050 жылға қарай еліміздің солтүстігіндегі халық саны 1 млн. адамға кемуі ықтимал. Керісінше, оңтүстік өңірдегі халық саны 5,2 млн. адамға өсуі болжанады. Яғни, оңтүстік өңірлердегі халық санының тығыздығы солтүстіктегі халық санынан 4 есеге артып түседі», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, ішкі көші-қон саласындағы проблемаларды оңтайлы шешудің екі бағыты ұсынылып отыр. Оның біріншісі - ауылдан қалаға қарай қоныстандыру, бұл бағыт Қазақстанда табиғи үдеріспен қалыпты деңгейде жүріп жатыр. Екінші бағыт - жұмыс күші артық аймақтардан халықты Үкіметпен айқындалған өңірлерге көшіру. «Бұл жағдайда қажетті шарттар құрылып, көші-қон үшін халықты ынталандыру тетіктері ұсынылады», - деді Д. Арғындықов.