2050 жылы Алматы мұздықсыз қалуы мүмкін

АЛМАТЫ. 26 шілде. ҚазАқпарат - Климаттың өзгеруінен 2050 жылы Еуропада 2003 жылғы аптап ыстық қалыпты жағдайға айналуы ықтимал.

Бұл жайлы бүгін Алматыда «Мұздықтар әуені»  жобасы аясындағы экспедиция қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

«Аптап ыстықтан 2003 жылы Еуропа елдері,  2010 жылы - мәскеуліктер,  ал  2011 жылы алапат бораннан Алматыда ағаштар құлады. Ғалымдар бірауыздан климаттың өзгеруіне орай  мұндай ахуал алдағы уақытта ұлғая түседі деп санайды. Мәселен 2050 жылы Алматы мұздықсыз қалуы мүмкін», - дейді «Мұздықтар әуені» жобасының ғылыми жетекшісі Даниэль Дендра. Негізгі мамандығы сәулетші болып саналатын ол: "Температураның көтерілуін тоқтатуға бүкіл қоғам назарын аудару керек. Бұл іске  музыканың көмегін де пайдану қажет. Мәңгілік мұздықтарға жоғалу қаупі төніп тұр, олар еруде. Өндіріс орындарынан шығатын көмірсутегі оған өз әсерін тигізуде. Адамдар  тұрмыстық техникадан бас тартпаса да, энергияны үнемді  пайдалануға барлық күш-жігерді жұмсауға тиіс", деген пікірде.