13:14, 28 Сәуір 2009
2050 жылы Сырдария мен Әмудариядағы судың көлемі 30-40 пайызға азаюы мүмкін
АЛМАТЫ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2050 жылы Сырдария мен Әмудария өзеніндегі судың көлемі 30-40 пайызға азаюы мүмкін. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммитінде айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл мәселе БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның Саммитке қатысушыларға жолдауында айтылды. Оны Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммитінде БҰҰ Бас хатшысының арнайы уәкілі - БҰҰ Аймақтық орталығының басшысы М. Енча оқып берді.
Жалпы Арал теңізі бассейніне кіретін Әмудария және Сырдария өзендері Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан, Ауғанстан сияқты алты елдің аумағы арқылы өтеді. Арал бассейніндегі барлық өзендердің жылдық орташа ағыны 115,6 текше шақырымды құрайды. Оның 78,4 текше шақырымы Әмударияның, 37,14 текше шақырымы Сырдарияның үлесінде.