2060 жылға қарай Польшаның халқы 25%-ға азаюы мүмкін

Фото: wmo.int

АСТАНА. KAZINFORM — Польшаның Бас статистика басқармасының соңғы моделдеу нәтижелері бойынша, алдағы онжылдықтарда ел халқының саны күрт қысқаруы мүмкін, деп хабарлайды БЕЛТА.

Егер қазіргі үрдіс сақталса, 2060 жылға қарай Польшаның халқы шамамен 25 пайызға, яғни 9 миллион адамға азаюы ықтимал

Бас статистика басқармасының 2023–2060 жылдарға арналған халық санының болжамы үш түрлі сценарийді қарастырады: төмен, жоғары және орташа.

2025 жылдың қарашасында жарияланған бұл моделдеу халық санының 2060 жылға дейінгі тәжірибелік болжамын көрсетеді. Алайда барлық сценарийлерде ел халқының жүйелі түрде азаятыны атап өтілген.

Ең нашар нұсқада, туу көрсеткішінің төмен болуын ескерсек, 2060 жылға қарай халық саны 28,4 миллион адамға дейін, яғни 2024 жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға азаяды.

Ең оптимистік нұсқада, өмір сүру ұзақтығының артуы жағдайында, халық саны 32,3 миллион адамға дейін, яғни 13,9 пайызға төмендейді.

Баяндамада 2000–2017 жылдар аралығында Польшадағы туу коэффициенті 1,22 мен 1,45 аралығында болғаны, ал соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп келе жатқаны айтылады.

2024 жылы туу деңгейі тарихи ең төмен көрсеткіш — 1,10-ға дейін түскен.

Модельдеу нәтижелері бойынша, туу көрсеткіші осы деңгейде төмен күйінде қала береді деп болжанып отыр. Сонымен қатар, 2060 жылға қарай еңбекке қабілетсіз жастағы адамдардың саны еңбекке қабілеттілерден асып түседі деп күтіледі.

Fakt басылымының хабарлауынша, қоғамның қартаюы мен еңбекке қабілетті халық санының азаюы еңбек нарығына, зейнетақы жүйесіне және жалпы экономикаға елеулі әсер етуі мүмкін.

Осыған дейін Польша президенті елге НАТО әскерін енгізуге рұқсат бергенін жазған едік.