21 ғасырдың ең қымбат дүниесі ауызсу болар ма?
17:12, 26 Қаңтар 2009
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Ауыз су тапшылығы бүгінде бүкіл әлемді алаңдата бастады.Көптеген елдердің ең басты проблемасына айналған су мәселесі кермиық даласы шөлейттеніп бара жатқан Қазақстан үшін де өзекті тақырып. Өйткені 1950 жылдары Қазақстанда 120 млрд. текшеметр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд. текшеметрге дейін кеміді деген де болжамдар бар.
Мамандар мұндай су қорының азаюын біздің өзендеріміздің трансшекаралық екендігімен, су бастау алатын елдердің де суды пайдалану көлемін көбейтіп келе жатқанымен байланыстырады. Себебі, Памир мен Тянь-Шань шыңдарындағы мәңгілік мұздықтар 1957 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кеміген, ал ол 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін азаймақ. Мұндай ғаламдық жылыну түбінде Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы су арналарының суалып-тартылып, жаппай құрғақшылық жағдайына әкелуі мүмкін. Бұл өзекті мәселеге осы тұрғыдан талдау жасасақ, шындығында да еліміздің ауыз суы Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріндегі су жолдарына тікелей тәуелді екеніне көз жеткіземіз. Қызылорда облысындағы белгілі эколог, көп жыл облыстың қоршаған ортаны қорғау комитетін басқарған Қуанышқали Шапшаңовтың айтуынша, ғаламдық климаттың күрт жылынуы ресейліктерді де толғантпай отырған жоқ. Мұндай табиғат өзгерісінен Әму мен Сырдың суының азаю қаупі артса, Ресейде - керісінше, Өб, Енисей, Лена өзендерінің арнасынан асу қаупі зор. Өбдария тасыса, оның жағасындағы елді мекендердің табиғи апат астында қалуы ықтимал. Бұған қосымша, саяси тұрғыдан келгенде, Ресей Аралдың тартылуы мен Орталық Азиядағы су тапшылығы әлеуметтік дағдарыс әкеледі деп те қауіптенеді. Өб суын Орталық Азияға бұра отырып, Ресей «судың да сұрауы бар», немесе «айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген қағиданы ұстануы мүмкін. Ресей өзінің осындай пиғылы барын аңғартып қойды. Мәскеу мэрі Юрий Лужков болашақта суды сатудың мұнай сатудан да пайдалырақ болатының айтып қалғаны бар. Яғни, Ресей су арнасын бұра отырып, өзіне экономикалық тиімді жобадан пайданы көбірек көрмек. Өйткені, «Өб - Арал» каналы тартылса, онда оның 1500 шақырымы Ресей территориясынан өтеді. Алғашқы жоба бойынша «Өб - Арал» каналы 2250 шақырым болуға тиіс еді. Оның ерекшелігі ? суды бетондалған емес, қазылған арнамен жіберу көзделген. Бұл топырақтың тұздануын жеделдететіні сөзсіз еді. Қазақстандық ғалымдар арасында да бұл жобаға қатысты сан түрлі пікірлер бар. Ол бойынша мұндай көлемді каналды жүргізу (ұзындығы-2000 шақырымнан астам, тереңдігі ? 16 метр, ені -200 метр) халықтың орналасу заңдылығына нұқсан келтіреді. Туыстық жақындығы түрліше бөлінетін ортаазиялықтар үшін бұл еш пайдалы емес. Екінші бір пікірді айтушылар табиғат заңына қарсы келуге болмайтынын көлденең тартады. Яғни, Өбтің өз бағыты Сібірге, одан әрі солтүстікке кетеді. Жоба іске асса, Өбті кері ағызуға тура келеді. Бұл жағдайда табиғи баланс бұзылады. Апаттың көкесі сонда болуы мүмкін. Қалай дегенде де, бұл ? мүдделі тараптар жеті өлшеп барып қана кесуге тиісті мәселе. Халықаралық заңдар бойынша, Қазақстан Ертіс, Есіл, Тобыл өзендері суларының жартысын алып, су қоймаларын, каналдар салуға құқылы. Мұндай жағдайда Ресейдің Омбы, Қорған облыстары мен Түмен облысының оңтүстігі сусыз қалады. Яғни, екі жақ та көрпені өздеріне тарта алады. Су мәселесінде де геосаяси ойындардың шеті осылай көрініп тұр. Осы сияқты құбылыстар Қытаймен трансшекаралық өзендерімізде орын алады. Соның ішінде Ертіс пен Іледе де болуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде Қытай Шынжаң - Ұйғыр автономиялық республикасының экономикасын көтеру үшін арнайы бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Шынжаң аймағында ұзындығы 300 шақырым, 800 млн. текшеметрден астам жылдық мөлшері бар Қара Ертіс - Қарамай су каналын салды. Бұл аймақта қазірдің өзінде көбісі ауыл шаруашылығымен айналысатын 100 миллионнан аса адам тұрады. Бастауын Қытайдан алып, Қазақстан, Ресей арқылы өтетін Ертіс өзенінің бір бөлігін мұнайлы қалашықтың қажеті үшін шарт байлап отырған Қытай қазірдің өзінде сапасыз суы алаңдатып отырған Ертіске түптің түбінде тосқауыл қойса, өзен жағасында Павлодар, Өскемен, Семей секілді өнеркәсіптік орталықтар мен жүздеген елді мекендер барын, оларда 2,5 миллионнан астам адам тұратынын ескерсек, оның біздің елімізге әкелер экологиялық зардабының қаншалықты болатынын шамалай беріңіз. Қытайдың бүгінде Қара Ертістен алып отырған су көлемі 1,7-2 миллиард текше метр шамасында. Ал оның көп жылдық орташа сулылығы - 9,8 миллиард текшеметр. Оның 7,8 миллиарды ? Қытайда, ал 2 миллиарды біздің жерімізде түзіледі. Сондай-ақ Қара Қаба, Ақ Қаба, Білезік өзендері Қытай жеріне өтіп, Қара Ертіске құяды. «Қазгипросушар» жобалау институтының сараптамасына сәйкес, егер қытайлықтар Қара Ертістен 3 миллиард текшеметр көлемінде су алса, онда Қазақстан экономикасына және экологиясына айтарлықтай кері әсері болуы мүмкін. Ал 4,35 миллиард текшеметр су алынса, Зайсан көлінің деңгейіне, электр қуатын өндіруге, су транспортының дамуына және жалпы қоршаған ортаға байланысты күрделі мәселелер туындайды. Егер ашығын айтсақ, бұл жағдайда Зайсан көлі Бұқтырма су қоймасынан бөлініп қалады. Осындай жағдай Іле өңірінде де туындап отыр. Жаңа суармалы жерлер іске қосылып жатыр. Біраз жылдардан кейін мұндай жерлердің көлемі 600 мың гектарға жетеді деген болжам бар. Қазіргі кезде ол 400 мың гектар. Өкінішке қарай, Қытайдың суға байланысты қандай жоспары бар екені бізге белгісіз, біз үшін ол - құпия. Әйтсе де, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның өткен жылдың тамыз айындағы кездесуінде бірқатар жылдан бері екіжақты үнқатысудың өзекті тақырыбы болып келе жатқан трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы мәселе болды. Қазақстанның бұл мәселе жөніндегі алаңдаушылығына түсіністік білдіріп, қытай жағы бірлескен комиссия аясында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөнінде келіссөздер өткізу үшін техникалық жағдайларды талқылауға әзір екенін атап көрсетті. Бұл уағдаластықты келіссөздер үдерісі үшін үлкен бетбұрыс деп санауға болады. Өйткені осы уақытқа дейін су сапасын қамтамасыз ету, су бөлу қағидаттарының мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауға қол жеткізілмеген еді. Үшінші жағдай - Орталық Азияның таңдайын жібітіп отырған негізгі су қоры - бастауын Памир мен Тянь-Шань тауларынан алатын Сырдария мен Әмудария өзендері. Сағасы Қырғызстаннан басталатын Сырдария Тәжікстан арқылы Өзбекстан мен Қазақстанға құйса, Әмудария Тәжікстаннан Түрікменстанға және Өзбекстанға құяды. Орталық Азияның 90 пайызға дейінгі су ресурсы Тәжікстан мен Қырғызстанның еншісінде болғандықтан, олар бүгінде қымбат тауарға айнала бастаған қара суды (бұл жерде Тоқтағұлдың су көлемінің рекордтық деңгейде азайып кеткенін ескеру керек) қажетіне қарай пұлдағылары келеді. Көршілердің де олардан қалысқылары жоқ. Қыста электр энергиясын көптеп өндіру үшін Тәжікстан мен Қырғызстан жаз айларында Тоқтағұл, Қайраққұм қоймаларын суға толтырып алуға мәжбүр. Өзбекстан газ бермей қойған соң Қырғызстан амалсыз қыста газ орнына электр энергиясын пайдаланады. Ал электр қуатын өндіру үшін Тоқтағұл су қоймасы артық су шығара бастауы керек. Ал артық су тасқыны қыс пен көктемде Қазақстанға қауіпті. Түрікменстан мен Өзбекстанға қырғыз бен тәжіктің арзан электр энергиясы қажет емес - өздерінде мұнай мен газ жеткілікті. Қажет болса электр энергиясын өндіруге толық күштері жетеді. Оларға басты керегі ? су, ол үшін ақы төлеу керек. Көршілерін ақы төлеуге көндіре алмаған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон 1999 жылы БҰҰ мінберінен «су соғысының» басы қылтиып тұрғанын ескертіп, оған жауап ретінде БҰҰ 2003 жылды «Су жылы» деп атады. Ал су үшін жыл сайын Қазақстан мен Өзбекстанның ала жаздай жанжалы бітпейді. Қырғыздан сатып алған қымбат суымызды өзбек пен тәжік жарты жолдан жырымдауын қоймайды. Жазда судан жұтамас үшін өзбектер жағы жаңадан 1992, 1998 жылдардағы мемлекетаралық келісімдерді бұзып, Сырдария бойында ешқандай су жинайтын объектілерді салмау туралы ұйғарымға қайшы келетін әрекетке барып, Арнасай су қоймасын тұрғызды. Бұл көктем кезінде Сыр суын қауіпсіз аймаққа бұратын жолды жауып тастады. (Осы жерде, 1967 жылы салынған Шардара су қоймасынан артық суды қауіпті жағдайда Арнасайға тастау ? бас жобалаушы «Ташгидрожоба» институтының ұсынысы болғаны кімді болса да үлкен ойға қалдырады). Бұған қоса, Өзбекстан Сырдария бойында Тоқтағұл су қоймасынан шығатын суды бөгеп қалатын ? Ризықсай, Кенкөл, Қараман су қоймаларын тұрғызуда.
Бұл келеңсіз жағдайға орай өзбек ағайынға ресми түрде қатаң ескерту жасалды. Қырғыз ағайынға су жіберуді ұлғайтпасаңдар, электр қуатын сатып алуды тоқтатамыз дестік. Шындығында біз осылай етсек, Тоқтағұл су электр стансасы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, Тәжікстан мен Өзбекстанның егістік алқаптары сусыз қалмақ. Шырғалаңы бітпейтін суға байланысты Кіндік Азиядағы саяси ойынның түрі осындай. Мінеки, мұндай су тапшылығы келе жатқан жағдайда Қызылорда облысы тұрғындарының ауыз суын Сырдария өзенінен біртіндеп жерасты су көздеріне көшіру қажеттілігі туындауда. Бірінші кезекте тереңде жатқан су гидранттарын пайдалану арқылы таза ауызсуға қол жеткізу көзделіп отыр. Облыс орталығына Қызылжарма жерасты су көздерін пайдалану және Қызылорда қаласынан 60 ұңғы қазу үшін жобалау жұмыстары басталды. 2007 жылы республикалық бюджеттен 2,8 млрд. теңге бөлініп, 7 елді мекенде ауызсу жүйелерін жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілсе, өткен жылы республикалық трансферттен және облыстық бюджеттен 3,4 млрд. теңге қаражат бөлінді. Облыс бойынша 16 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етілмек. Ал Қызылорда қаласына ауызсу жүйесін жөндеуге және кеңейтуге 1 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған. Алдағы уақытта «Арал-Сарбұлақ» топтық су жүйесіне - Арал және Қазалы аудандарының 40 елді мекені, «Октябрь» топтық су құбырына - Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының 21 елді мекені, «Жиделі» топтық су құбырына - Жаңақорған, Шиелі аудандарының 20 елді мекені қосылады.
Облыстағы 147 ауылдық округтің ішінде 89 елді мекен ғана аяқсумен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы облыс бюджетінен 11 су шаруашылығы нысандарына, елді мекендерге аяқсу жеткізетін бірінші кезекте тұрған 12 каналдарды тазалауға, 15 елді мекенге 16 насос қондырғыларын орналастыруға 289 млн. теңге қарастырылып, іске асыру жоспарланып отыр. Мұның бәрі сайып келгенде судың жетіспеушілігін болдырмаудың іс-шаралары ғана. Ал жалпы келешекте тек ауыз су ғана емес, аяқ судың да жетіспеушілігі басталса, ол азық-түлік өнімдері көлемінің азайып кетуіне тірейді. Оның мысалы ? қазірдің өзінде еліміз Қызылқұм күріш алқабында мақта өсіруге көшіп, Қызылорда облысындағы күріш егісін 110 мың гектардан 70 мыңға қысқартуға мәжбүр болды. Соған қарамастан, бізде әлі күнге дейін ауылшаруашылығы егіс алқаптарын арықтар арқылы суаруды тоқтатар емес. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, біздің республикада гектарға 13-15 мың текшеметр су жұмсасақ, өркениетті елдер 5 мың текшеметр ғана су пайдаланады немесе Шардарадан біздің облысқа 10 млрд. текшеметр су тиесілі болса, оның 2,2 млрд.текшеметрі дариядағы су шығынына кететінін білеміз. Болашақта бізге дариядан буланып шығатын су шығынын да, дария сағасынан басқа жаққа ағып кеткен, екі жағалауы мен дария табанына сіңген суды да есептейтін кез келеді.
Осы деректердің өзі-ақ Көксарай су тоспасының аса маңыздылығын дәлелдей түседі. Өйткені ол Шардараны арнасынан шығып кетуден сақтайды. Демек, адамдар өміріне қауіп-қатер төнбейді. Бұған қоса Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету, тағы басқа мәселелер де оңтайлы шешімін таппақ. Суды үнемдеуге қол жетеді. Және де көршілес елдермен су мәселелері тұрғысынан тереземіз тең болады. Энергетика мәселесі де шешіледі. Бұл қадам Халықаралық су концорциуымын құруды жеделдетеді. Қысқы уақыттағы таза табиғи суды жинайтын Көксарай тоспасы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындар денсаулығының оңалуына да септігін тигізері хақ. Әйтсе де, Орталық Азиядағы бес мемлекеттің қара суға байланысты қабақтар қыртысы әзір жазыла қоймайды-ау. Негізінде, бұл ? халықаралық келісім жолы арқылы шешілуге тиіс мәселе. Суды бөліп пайдалануға байланысты ең алғашқы халықаралық жанжал Үндістан мен Пәкістан арасында туындап, соғыс өрті бұрқ ете жаздағанда, халықаралық қауымдастық трансшекаралық өзендерді теңдей ? 50 де 50 етіп пайдалану турасында шешім қабылдаған. Осы шешім бойынша, Қазақстан Сырдарияны Өзбекстанмен, Ертісті Ресеймен және Қытаймен бөлісе алады. Қазір Ауғанстанның (қазір Әмудариядан 2 текше шақырым су пайдаланса, келешек 9 текше шақырым болмақ) өзі су проблемасымен бас қатыра бастады. Осы орайда Халықаралық қауымдастық Ауған елінің егіс шаруашылығын тірілтуге қаржы салуды ойластыруда. Ал оны тірілтудің жалғыз жолы - сумен қамтамасыз ету. Егер әлемдік қауымдастық қолға алса, халықаралық келісім бойынша Ауғанстан да 50х50 тәртібін пайдалануға құқылы. Бұл жағдай көрші елдерді, оның ішінде Қазақстанды да аландатады. Себебі, аймақтағы онсыз да қалыптасып отырған су тапшылығы одан сайын күшейе түспек. Сондықтан бәрі де заманауи техника мен технологияларды пайдалану деңгейіне, суды барынша үнемдеуге байланысты. Осы шараларды кешенді түрде жүзеге асырсақ, суды екі есе үнемдеуге болатынын ғалымдарымыз дәлелдеп отыр. Осы тұрғыда былтыр қараша айында Норвегия үкіметі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен 2008-2025 жылдарға арналған «Су ресурстарын кешенді басқару» бағдарламасы дайындалды. Қабылдануы кешігіп жатқан осы бағдарлама іске қосылса су шаруашылығында қордаланып қалған мәселелер, оның ішінде суды үнемді пайдалану жүйелі түрде шешілер ме екен деген ой келеді. Десек те, еліміздің негізінен шөл мен шөлейтті жерден тұратыны белгілі. Яғни даламыздың оннан тоғыз бөлігі дымқылдылығы төмен аймаққа жатады. Ертіс өзені бассейні бар солтүстік-шығыста су қоры барынша мол болса, оңтүстік-батыста, оның ішінде Маңғыстау облысында су қоры мейлінше тапшы. Негізгі су көздері - Орал, Ертіс, Есіл, Нұра, Шу, Сырдария, Тобыл өзендері, Балқаш, Зайсан көлдері мен Каспий және Арал теңіздері. Осыған байланысты мамандар Қазақстанды негізгі өзен бассейндері бойынша сегіз аймаққа бөліп қарастырады. Олар: Балқаш ? Алакөл; Ертіс; Есіл; Нұра ? Сарысу; Шу ? Талас; Арал ? Сырдария; Тобыл ? Торғай; Орал ? Каспий. Ал енді үлкенді-кішілі, майда ? ірілігіне қарамай, жалпы, су қорымызды түгел тізімдесек, Қазақстанда 85 мыңға жуық өзен мен өзек, 48 мыңдай көл және 4 мыңға тарта су қоймасы бар екен. Еліміздегі жалпы су қоры жоғарыда айтқандай бүгінде жылына 100,0 текше шақырым болып бағаланады. Оның 44,5 текше шақырымы көрші елдер ? Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының пікірінше, еліміздегі ауру-сырқаттардың 80 пайызы күнделікті қолданатын ауыз судан бастау алады екен. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Ұлттық орталықтың мәліметтерінше, жылына сапасыз ауыз суды қолданудан 5000 қазақстандық қазаға ұшырайтыны, әрбір екінші қазақстандық ешқандай санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап бермейтін суды пайдаланатындығы белгілі болып отыр. Халықтың үштен бір бөлігі арнайы тазартудан өтпеген суды ішуде. Жағдай қазір осындай болғанда, болашақта қара су қат тауарға айналғанда, қайтпекпіз?... Суға байланысты қақтығыстың басы өткен жылғы наурыз айында қырғыз-тәжік шекарасында көрініп қалды. Тәжікстанның Исфара ауданының әкімі мен полиция бастаған 150 тұрғыны шекараны бұзу арқылы Қырғызстанның Баткен ауданына лап қойып, бұдан бірнеше жыл бұрын Дүниежүзілік банктің қаржысына салынған Ақсай өзеніндегі бөгетті бұзып тастай жаздады. Суға қатысты қақтығыстың басы осындайдан өршіп жүрмесін...