21 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 21 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
Дүниежүзілік баскетбол күні
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 21 желтоқсанды Дүниежүзілік баскетбол күні деп жариялады және мүше мемлекеттерді қоғамның барлық мүшелері арасында спортты және дене шынықтыруды насихаттаудың озық тәжірибелері мен құралдарын қабылдауға шақырды және осыған байланысты білім беру саласына арналған арнайы күндерді өткізу бастамаларын құптайды денсаулық, жастар және спорт, соның ішінде ұлттық және жергілікті деңгейде дене және психикалық денсаулық пен салауаттылықты нығайту және қоғамда спорт мәдениетін дамыту құралы ретінде арнайы спорт күндерін өткізу.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1868 жылы Дала генерал-губернаторлығы құрамында Ақмола облысы құрылды. Орталығы болып Омбы қаласы таңдалды. Облыс құрамына 5 уез – Ақмола, Омбы, Петропавл, Көкшетау, Сарысу кірді.
1991 жылы 11 Тәуелсіз мемлекет басшылары Алматы декларациясын қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылып, жаңа достастықтың тұсауы кесілді, сондай-ақ КСРО-ның таратылғаны жарияланды.
1992 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң қабылдады.
1993 жылы Қазақстанда «Алтын Жұлдыз», «Халық қаһарманы» атағы, ордендер, медальдар, және басқа мемлекеттік сыйлық белгілерінің бейнелері бекітілді. Бұл орденмен тек қана Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген азаматтар марапатталады. Қазақстан Республикасының Президенті «Алтын қыран» орденінің кавалері атанады. «Халық қаһарманы» атағын алғандарға «Алтын жұлдыз» ерекше белгісі және «Отан» ордені беріледі.
«Отан» ордені – Қазақстан Республикасының жоғарғы ордендерінің бірі. «Отан» орденімен мемлекеттік және қоғам қызметтерінде: экономиканы дамытуда, әлеуметтік салада, ғылым мен мәдениетте, құқық қорғау және әскери қызметте, демократия мен әлеуметтік саланы дамытуда ерекше еңбектері үшін марапатталады.
1995 жылы Қазақстан Республикасының Израильдегі елшілігі ашылды.
2010 жылы «Қазпошта» АҚ 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана және Алматы қалаларында VII қысқы Азиада ойындарының өткізілуіне орай «Спорт» сериясының төрт пошта маркасын айналымға шығарды – «Трамплиннен секіру», «Мәнерлеп сырғанау», «Фристайл» және «VII қысқы Азиада ойындарының эмблемасы».
2010 жылы Абай шығармалары неміс тілінде жарық көрді. Кітапқа ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері кірді.
2012 жылы ҚР Ұлттық банкі «Таңбалы петроглифтері» ескерткіш күміс шақаларын айналымға шығарды.
2012 жылы сақ кезеңі археологиялық қазбалары негізінде «Қанатты барыс туралы аңыз» мультфильмі түсірілді.
2013 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттерінің бес жобасы Ыстамбұлда (Түркия) Еуразия сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектептердің III халықаралық фестивалінде үздіктер қатарынан табылды. Он бір еуроазиаттық елдің 48 жоғары оқу орнының 100-ден астам өкілі байқауға 260 жұмыс ұсынған.
2017 жылы Астанада Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына үздік дизайнерлік шешімдер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауда Гран-при жүлдесін жеңіп алған павлодарлық Денис Романовқа 2 миллион теңге табысталды. Ал жүлделі бірінші орынды жеңіп алған Назарбаев Университетінің студенті Мәдина Мұқановаға 1,5 миллион теңгенің сертификаты берілді. Екінші орынды (1 миллион теңге) Павлодар қаласынан келген Рустам Саримов ұтып алса, үшінші орын Л. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Сәуле Жиенқұловаға (500 мың теңге) бұйырды.
2018 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының Биржасы (AIX) Еуропа, Азия және Жерорта теңізі алабының 33 мүшесін біріктіретін Еуропа-Азиялық қор биржалары федерациясының толыққанды мүшесі болды. Федерацияның мақсаты мен миссиясы – Еуразия өңірінің (Еуропа, Азия, Жерорта теңізі алабы) капитал нарықтарын дамытуға, ілгерілетуге және олардың ынтымақтастық орнатуына жәрдемдесу. Бұл ұйымның мүшесі болу AIX үшін бизнесті қолдау, тренингтер мен вебинарлар, зерттеулер мен жарияланымдар арқылы білім алмасу, PR қолдау, FEAS ConFEAS флагмандық іс-шараға қатысу сияқты FEAS артықшылықтарын алуға мүмкіндік береді.
2019 жылы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Арман Әсенов Түркі әлемі кинематографистері қауымдастығы атқарушы комитетінің мүшесі атанды. Жаңа мүшенің кандидатурасын енгізу туралы шешімді қауымдастық мүшелері бірауыздан қолдаған.
2019 жылы Ташкент қаласындағы «Өзбекстан» халықаралық форумдар сарайында Қазақстанның Өзбекстандағы жылының салтанатты жабылуына арналған гала-концерт өтті. Бір жыл ішінде Өзбекстанда форумдар, конференциялар, көрмелер, сондай-ақ көптеген мәдени, спорттық және туристік іс-шаралар өткізілді.
2020 жылы Астананың оқушылары Бразилияның Ново-Гамбург қаласында 35-ші «MOSTRATEC» халықаралық білім көрмесі аясында өткен халықаралық ғылыми жобалар байқауында үздік атанды. Пандемияға байланысты қашықтық байқауына 35 елден 752 жобамен үміткерлер қатысты. Оның 25-і – Қазақстандағы мектеп оқушылары.
2021 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов мерейтойына «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясын жалғастыра отырып, номиналы 100 теңгелік мельхиордан монеталар шығарылды. Монетаның сырт жағында (реверсінде) Қажымұқан Мұңайтпасовтың портреттік бейнесі, портреттің сол жағында – мерейтой күнін білдіретін 150 JYL деген жазу, оң жағында – күрестің сюжеттік фрагменті және «2021 ж.» деген жазу бар. Монетаны айналдыра сол жақта шығарылған жылын көрсетіп – QAJYMUQAN MUŃAITPASULY деген жазу бар.
2021 жылы TILASHAR коллекциялық монеталары айналымға шығарылды. Номиналы 500 теңгелік күміс монеталар, номиналы 100 теңгелік мельхиор және 100 теңгелік нейзильбер «Қазақстанның салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары» сериясын жалғастырады.
Тілашар – әр отбасының өміріндегі ерекше оқиға. Бұрын бұл әдет бала алғашқы сөзін айтқаннан кейін орындалатын. Бүгінгі дәстүр білімге алғашқы қадамды білдіреді.
2021 жылы Қазақстанда Чехия елшілігінің жанындағы әскери атташе өкілдігі ашылды.
Қазақстандық тарап Чехияның Қазақстандағы елшілігінде әскери атташе кеңсесінің ашылғанына ризашылығын білдірді. Полковник Олжас Хұсайынов Қазақстан мен Чехия арасындағы әскери ынтымақтастық дамудың бастапқы кезеңінде екенін атап өтіп, оның іс жүзінде жанданатынына сенім білдірді.
2022 жылы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин бастамасымен және ұйымдастыруымен күштік спорт түрлерінен «ILYIN IRON CUP» демонстрациялық турнирі өтті.
2022 жылы белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы дүниеден өтті. Амангелді Айталы 1939 жылы 10 қыркүйекте дүниеге келген. Ұзақ уақыт білім саласында қызмет етті. Қазақстан Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі болды. 100-ден астам ғылыми жарияланымның және үш ғылыми мақаланың авторы. Амангелді Айталы 2-ші және 3-ші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды, ҚР Парламенті «Ауыл» депутаттық тобының мүшесі болды. «Құрмет белгісі», «Парасат», III дәрежелі «Барыс», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған. Ақтөбе қаласының және Ақтөбе облысының құрметті азаматы.
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды. Мемлекет басшысын Ташкент халықаралық әуежайында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев қарсы алды. Екі күндік сапар барысында Өзбекстан Президентімен тар және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіліп, бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды.
2023 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Сауд Арабиясына сапармен барды. Сапар барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы Алматы – Эр-Рияд бағыты бойынша тікелей әуе рейсін ашу туралы келісті.
2023 жылы Вашингтонда Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Конгресс кітапханасының қорына Қазақстанның әдебиеті мен мәдениеті туралы кітаптарды салтанатты түрде тапсыру шарасы өтті. Кітаптар Американың ең көне ғылыми кітапханасының қорына берілді, ол америкалық оқырмандардың Қазақстан туралы білімдерін кеңейтіп, болашақ ұрпақ үшін мәдени ынтымақтастықтың көпірі болуға тиіс. Бірінші кітап – ұлттық мәдениет пен әдебиетте маңызы зор қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және философы Абай туралы. Шетелдік авторлар Н.Филдинг пен доктор А.Тейт жазған «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармалары» кітабы көрнекті қазақ этнографының Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қосқан үлесін көрсетеді.