2100 жылы ғаламшар халқы 10 миллиард адамнан асады
12:23, 29 Қазан 2011
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - 2100 жылы ғаламшар халқының саны 10 миллиардтан асуы, егер туу көрсеткіші ұлғайса, тіпті 15 миллиардқа да жетіп қалуы мүмкін, делінген Біріккен Ұлттар Ұйымының халық саны саласындағы қорының Лондонда жарияланған баяндамасында, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі.
Қордың соңғы зерттеулеріне сәйкес 2050 жылы ғаламшар халқы 9,5 миллиард адамға жетпек, ал жүзжылдықтың соңында 10 миллиардтық межеге жетеді.
Егер халық тығыз орналасқан елдерде туу көрсеткіші ұлғайса, бұл сан 2050 жылы 10,6 миллиардты құрауы және 2100 жылға қарай 15 миллиардтан асуы мүмкін, делінген баяндамада. Осыған байланысты кедей елдерде жастарды жұмысқа орналастыру, экологиялық проблемалар, қала мен ауыл халқы арасындағы тепе-теңдікті сақтау, көші-қон мәселелерінің өзектілігі артпақ.