21–27 шілде күндері Қазақстан спортшылары қандай ірі жарыстарға қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — Апта ішінде қазақстандық спортшылар тоғызқұмалақ, семсерлесу, таеквондо, есу, белбеу күресі, дзюдо және фиджитал спорт түрлерінен халықаралық және ұлттық деңгейдегі жарыстарға қатысады. Мәдениет және спорт министрлігі алдағы аптадағы жарыс кестесін назарларыңызға ұсынады.
21–30 шілде – Тоғызқұмалақтан Әлем кубогі
Чехияның Пардубице қаласында өтетін жарысқа Қазақстанмен қатар, Чехия, Румыния, Түркия, Қырғызстан, Мажарстан, Польша, Аустрия, Словакия, Молдова, Болгария және Сербиядан 50-ге жуық спортшы қатысады.
22–30 шілде – Семсерлесуден ересектер арасындағы әлем чемпионаты
Грузияның Тбилиси қаласында өтетін әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасынан 24 спортшы өнер көрсетеді.
22–29 шілде – Таеквондодан кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты
Малайзияның Кучинг қаласында өтетін жарыста еліміздің намысын 14 спортшы қорғайды.
23–27 шілде – Байдарка мен каноэ есуден жастар және U23 арасындағы әлем чемпионаты
Португалияның Монтемор-у-Велью қаласындағы жарысқа Қазақстаннан 18 спортшы қатысады.
24–27 шілде – Белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогі
Ақтауда өтетін ұлттық додада еліміздің 16 өңірінен 250-ге жуық спортшы бақ сынайды.
25–27 шілде – Дзюдодан Grand Slam халықаралық турнирі
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласындағы байрақты бәсекеде Қазақстаннан 7 дзюдошы татамиге шығады.
21–26 шілде – Phygital Games 2025 іріктеу турнирі
Астанадағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін республикалық турнирге еліміздің 6 өңірінен 16 команда қатысады. Жарыс фиджитал-футбол және фиджитал-баскетбол бағытында өтеді.
Айта кетейік, Венгриядағы турнирде грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы екінші орын алды.