2139 жылу қазандығының дайындығы аяқталды - агенттік төрағасы С.Нокин

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылғы шілденің 15-індегі жағдай бойынша 2139 жылу қазандығының дайындығы аяқталды. Бұл республикадағы көрсеткіштің 53 пайызын құрайды. Осы жайында бүгін Үкімет отырысында алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша баяндама жасаған Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.

Оның айтуынша, жылу қазандықтарының дайындығы бойынша Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары алда келе жатыр.

«Жоспар бойынша 716 шақырым жылу трассалары жөндеуден өтуі тиіс. Бүгінде олардың 391 шақырымына немесе 54 пайызына жөндеу жұмыстары жасалды. Осы тұрғыда жоғары көрсеткіш Атырау, Қызылорда облыстары мен Астана қаласында байқалып отыр. Жұмыстың төмен деңгейі Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарында тіркелді», - деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, алдағы жылу беру маусымында 1800 шақырымнан астам сумен қамтамасыз ету желілерін жөндеуден өткізу керек. Бүгінде оның 984 шақырымы немесе 54 пайызы іске асырылған.