22 қаңтар. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 22 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік қар күні (Халықаралық қысқы спорт күні)

Жыл сайын қаңтардың соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Ол Халықаралық шаңғы федерациясының бастамасымен құрылған. Негізгі міндет – 4 пен 14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында қысқы спорт түрлерін кеңінен насихаттау.

FIS ойлағандай, бұл күні балалар мен ересектер коньки, шаңғы немесе сноуборд жарыстарына қатыса алатын «қар фестивалі» өтуі керек.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1993 жылы Президент Жарлығымен Қазақстан Ғылым академиясының атауы Ұлттық ғылым академиясы болып өзгертіліп, республикалық жоғары ғылыми мекеме мәртебесі берілді.

2010 жылы Алматыда Қазақ ұлттық өнерін өркендету жолында ерен еңбегімен танылған қылқобызшы-педагог, Білім және ғылым министрлігінің Құрметті қызметкері Әбдіманап Жұмабекұлының үш томдық «Қылқобызға арналған хрестоматиялар» жинағының бірінші томының таныстырылымы болды.

2011 жылы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Алматыдағы допинг-сынама жүргізетін жаңа зертхананың аккредитациясын мақұлдады. Зертхана процедурадан табысты өтіп, 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

2013 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін салу барысында жүргізілген қазба нәтижесінде біздің дәуірге дейін екінші мыңжылдыққа жататын көмбелер табылды (алтын, қоладан бұйымдар, ағаш астау, керамикалық ыдыстар және басқа). Табылған жәдігерлер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне берілді.

2013 жылы Шымбұлақ курортында ең биік таулы арқанды парк ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлап отырған «Kazakh alpine park» бірінші кәсіби арқанды парктің ашылуы өтті. Бүкіл әлемде теңіз деңгейінен 2 250 метр биіктікте мұндай құрылысты ешкім жасаған жоқ.

2014 жылы Алматыда халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әліге арналған мемориалдық тақта орнатылды. Қадыр Мырза Әлі 50-ден астам өлеңдер жинағының, әдеби, сыни және балалар кітаптарының, сонымен қатар 200-ден астам ән мәтіндерінің авторы. Оның көптеген өлеңдері орыс, ағылшын, француз, фин, литва, қырғыз, татар және әлемнің басқа тілдеріне аударылған.

2015жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай округінде қазақ халық медицинасы мен ұлттық ат спорты ойындары мемлекеттік санаттағы материалдық емес мәдени мұраның кеңейтілген өкілді тізіміне ресми енгізілді.

2016 жылы Қазақстан Республикасында біртұтас сот практикасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін сот ісінің бірыңғай жіктеуіші құрылды, бұл өз кезегінде заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды шарты саналады.

2019 жылы Италияның ірі астық егетін компаниялары қатты бидайдың жаңа сорттарын шығаруға республикалық ауқымда даусыз көшбасшы болып табылатын А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына тапсырыс берді. 2018 жылы кәсіпорындағы жаздық бидайдың өнімділігі – 22,5 ц/га. Дәлме-дәл егіншілік полигондары бойынша орташа өнімділік 25,9 ц/га болса, дәстүрлі егіншілік технологиясымен егілген егіннің өнімділігі 18,7 ц/га құрады. Аудан мен облыс бойынша орташа өнімділік сәйкесінше 12,2 және 12,7 ц/га болды.

2020 жылы «Астана Операда» Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуы зор жетістікпен өтті. Театрдың ұлы ақын, философ, ағартушыға арнаған іс-шараларының алғашқысы Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің әйгілі «Абай» операсы болды.

2023 жылы қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте 16-шы орынға көтеріліп, 1945 ұпай жинап, Әйелдер теннисі қауымдастығының Live Ranking рейтингінің алғашқы «жиырмалығына» енді. Елена Аустралия ашық чемпионатының 1/8 финалында планетаның ең үздік теннисшісі Ига Швёнтекті жеңгеннен кейін өсімге қол жеткізді.