22 қараша. Жылнама
АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform оқырман назарына 22 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1997 жылы Алматыда Қазақстан дәрігерлерінің І съезі өтті.
1998 жылы Алматыда ақын Хамит Ерғалиев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
2011 жылы Қарағандыда ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қала орталығындағы алаңға Тәуелсіздік монументі орнатылды. Монументтің биіктігі - 47 метр, салмағы - 16 тонна.
2012 жылы Халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше-мемлекеті өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында Астана бельгиялық Льеж қаласын басып озып, ЕХРО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізетін қала болып таңдалды. Қазақстан елордасы ұсынған тақырып - «Болашақ энергиясы» - энергияның баламалы көздеріне және «жасыл» технологияларға арналған. Астанадағы ЕХРО-2017 Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілген алғашқы халықаралық көрме болды.
2014 жылы Қазақстанда жасалған жүк тепловозы Ашхабадқа экспортқа жөнелтілді. 2016 жылы Астанада «Қазақстанда жасалған» брендін басқару агенттігі құрылды. Оның аясында «Халық маркасы» 100 ұлттық брендті құру жобасы іске қосылды. Аталған жобаға танымал әртістер, спортшылар мен депутаттар да тартылды. Жаңа 100 ұлттық бренд тамақ өнеркәсібі, жиһаз, үй қажеттіліктері, киім-кешек және аяқ киім салаларында пайда болды.
2016 жылы Астанада «Қазақстанда жасалған» Ұлттық брендтерді басқару агенттігі құрылды, оның аясында «Халық маркасы» 100 жаңа брендті құру жобасы іске қосылды. Жобаға белгілі өнер қайраткерлері, спортшылар мен депутаттар қатысты. Азық-түлік, жиһаз, үй интерьері, киім-кешек және аяқ киім сынды санаттар бойынша 100 жаңа қазақстандық бренд ұсынылды.
2016 жылы Маңғыстау облысының тұрғыны ХІІ-ХІІІ ғасырлардың алтын тиындарын тауып алды. Алтын тиындар Хорезмшах әулетіне тиесілі болуы мүмкін.
2017 жылы Сеулде өткен гір тасын көтеру спортынан әлем чемпионатында көкшетаулық Борис Нұғманов 70-74 жас аралығындағы ардагерлер санатында әлемнің абсолют чемпионы атанды. Ол жұлқи көтеруден алдына жан салмады.
2018 жылы танымал отандық химик ғалым Зұлқайыр Мансұровқа ЮНЕСКО-ның «Наноғылым мен нанотехнологиялар дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Марапаттау рәсімі аталған ұйымның Париждегі бас пәтерінде өтті. Медаль тұжырымдамасын 2010 жылы ЮНЕСКО Бас директоры бекітіп, сол кезден бері ол жыл сайын осы саладағы әлемдік ғылымның алға басуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен ұйымдарға беріледі. Отандық ғалым биыл өзінің «нанокөміртек материалдарын өңдеу, көміртекті нанотүтіктер мен графендерді жану күйінде синтездеу технологияларына зерттеуге қосқан үлесі» үшін марапатталды.
2019 жылы қазақстандық режиссер Әділжан Ержанов ХІІІ Азия-Тынық мұхиты кино байқауының (Asia Pacific Screen Awards) жеңімпазы атанды. Азиялық «Оскар» қазақстандық режиссерға «Қарашы, қара, адам» фильмі үшін «Үхзік режиссер» аталымы бойынша берілді. Asia Pacific Screen Awards байқауына Азия-Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттердің 289 фильмі қатысты.
2020 жылы қазақстандық «Томирис» фильмі әлемдік каскадерлер академиясының (АҚШ) «Таурус» сыйлығына ие болды. Ел тарихында тұңғыш рет қазақстандық фильм «Шетелдік фильмде трюктер қою» номинациясында үздік деп танылды.
2021 жылы Қазақстан, Бангладеш, Бразилия, Мавритания, Мозамбик, Нигерия, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Финляндиядан жиырма әскери қызметшісі «БҰҰ азаматтық халықты қорғау - United Nations Protection of Civilians Course» (UNPOCC) курсының халықаралық сертификаттарын алды.
2021 жылы АҚШ-тағы Гарвард университетінде жұмыс істейтін тарихшы Нұрлан Кенжеахмет Өскемен қаласының ежелгі атауына қатысты құнды құжаттарды тапты. Оның айтуынша, Өскемен 1757 жылға дейін Кеңгір-Тур деп аталған. Бұл туралы қытайлық ғалым Тан Цисян құрастырған «Қытайдың тарихи атласының» VIII томында, сондай-ақ 1769 жылы Ертіс өзенінің жағасында, Кеңгір-Турда салынған «Цянлун нейфу юту» («Цянлун патшасының Орда картасы») картасында айтылған.
2023 жылы Ташкентте (Өзбекстан) дзюдодан жасөспірімдер арасындағы 2023 жылғы Азия чемпионатында жас қазақстандықтар 11 медаль жеңіп алды, оның ішінде Талғат Орынбасар, Жанарыс Рахметқали, Әділет Алмат, Нұржан Бисенов және Нұрайлым Сәрсенбек алтын медаль иеленді.
2024 жылы Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстан мешіттері мен соборлары» сериясынан ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI (Фатима қолы) коллекциялық монеталарын және «Сиқырлы рәміздер» сериясынан FATIMA QOLY (Фатима қолы) коллекциялық монеталарын шығарды. ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI монетасы «Қазақстан мешіттері мен соборлары» сериясын жалғастырады. Монета 2022 жылы есігін ашқан Астана орталық мешітіне арналған. Мешіт Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болып табылады. Монетаның дизайнында Астана орталық мешітінің стильдендірілген бейнесі және мұсылман сәлемдесуін білдіретін араб жазуы бар.
FATIMA QOLY (Фатима қолы) монетасы «Сиқырлы рәміздер» сериясындағы алтыншы монета. Монетаның дизайны әртүрлі елдердің мәдениетінде белгілі ашық алақан пішінді қорғаныш тұмарының стильдендірілген ою-өрнек бейнесіне негізделген.
2024 жылы халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарға «KAZ» және «KZ» индекстері берілді. «KAZ» индексі бірнеше аймақ арқылы өтетін 23 жолға беріледі. «KZ» индексі бір аймақта орналасқан 88 республикалық жол үшін қолданылады. Халықаралық стандарттау ұйымының ISO 3166-2 стандартына сәйкес, «KAZ» және «KZ» геокодтары ресми түрде Қазақстан Республикасын белгілейді. Бұл кодтар интернет домендерінде, үкіметтік құжаттарда, есеп беру құжаттамасында және көлік құралдарының нөмірлік белгілерінде кеңінен қолданылады. Олар ел ішінде де, шетелде де танымал. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар үшін «KAZ» және «KZ» индекстерін бекітті.