Абай АСЫЛОВ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы
1968 жылы дүниеге келген. 1987-1992 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетін физика және информатика пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша, 1995-1998 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша, 2001-2004 жылдары Агротехникалық университетті инженер-механик мамандығы бойынша, 2012-2014 жылдары М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін электр энергетикасы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1993-1995 жылдары Мойынқұм аудандық әкімшілігінде хатшы-референт, 1995-1997 жылдары Жамбыл облыстық ІІБ бастығының әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 1998-1999 жылдары Тараз қаласы әкімінің аппаратында бас маман болды. 1999-2007 жылдары Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау комитеті басқармасының бас маманы, 2007-2008 жылдары «Аллель-Агро» АҚ директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2009-2010 жылдары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы директорының орынбасары, 2011-2012 жылдары Тараз инновациялық университетінің проректоры қызметіне тағайындалды. 2012-2013 жылдары Батуров атындағы «Жамбыл ГРЭС» директорының орынбасары, 2013 жылы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ материалдық-техникалық жабдықтау басқармасын басқарды. 2013-2015 жылдары «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС бас директорының орынбасары, 2015-2016 жылдары бас директоры, 2016-2022 жылдары Қантаев атындағы «Мойнақ су электр станциясы» АҚ басқарма төрағасы болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы мамырдан бері атқарып келеді.
Бауыржан ОРЫНБАСАРОВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары
1970 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын «Тасымалдау процестерін басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1993-1994 жылдары Батыс Қазақстан темір жолында жұмыс істеген. 1994-1997 жылдары Қызылорда, Алматы-2 станцияларында кезекші, Алматы темір жол бөлімшесінде пойыз диспетчері болған. 1997-2004 жылдары «Қазақстан темір жолы» РМК-да жол диспетчері, жетекші инженер, бас маман, Тасымалдау бас басқармасының бөлім бастығы, бас директордың бірінші орынбасарының көмекшісі және кеңесшісі, тасымалдау үдерісін үйлестіру басқармасының бас инженері қызметтерін атқарған. 2004-2010 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да Тасымалдау дирекциясының және Магистралды желі дирекциясының бас инженері, Қарағанды жол бөлімшесінің, Тасымалдау үдерісі дирекциясының және Алматы жол бөлімшесінің директоры болды. 2010-2014 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның басқарушы директоры — бас инженері, пайдалану жұмысы жөніндегі басқарушы директоры қызметіне тағайындалған. 2014 жылы «Қазтеміртранс» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарды (президент). 2014-2016 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті, 2016-2017 жылдары бас инженері, 2017-2018 жылдары инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі вице-президент қызметтерін атқарған. 2018-2021 жылдары инфрақұрылым жөніндегі басқарушы директор әрі Магистралды желі дирекциясы филиалының директоры, 2021 жылғы сәуірден 2022 жылғы қаңтарға дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарды. 2022-2026 жылдары өндірістік үдерістер жөніндегі басқарушы директор болды.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы тамыздан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (2011), «Парасат» орденімен (2016), Қазақстан Республикасының мерейтойлық медальдарымен, ведомстволық наградалармен және «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған.
Тоқтар ҮСІПӘЛИЕВ, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы
1972 жылы Түркістан облысы Сайрам ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын құрылыс экономикасы және басқару мамандығы бойынша инженер-экономист, 2006 жылы Орталық Азия университетін инженер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1997-1998 жылдары сәулет және қала құрылысы басқармасының инспекторы, 1998-1999 жылдары өндірістік жоспарлау басқармасының басшысы, 1999-2002 жылдары сәулет және қала құрылысы басқармасының жарнама жөніндегі инженері және экономикалық талдау мен сметалық нормалау басқармасының бас маманы қызметтерін атқарған. 2002-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының өңірлік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау басқармасының бөлім басшысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының және облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды. 2013-2014 жылдары «ҚазМТОГрупп» компаниясы директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2014-2016 жылдары «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның ұйымдық қамтамасыз ету департаментінің директоры, 2016-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, 2018-2025 жылдары Түркістан облысының құрылыс басқармасының басшысы болды.
Қазіргі қызметін 2025 жылғы сәуірден бастап атқарып келеді.
Асылхан ҚОЖАХМЕТОВ, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты
1984 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 2006 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолы: 2006-2011 жылдары «Ақ жол» ҚДП Астана қалалық филиалының маманы, 2011-2012 жылдары партия орталық аппаратының өңірлік бөлімінің консультанты, 2012-2014 жылдары бөлім директорының орынбасары, 2014-2018 жылдары директоры қызметтерін атқарған. 2017-2026 жылдары «Интраст» ЖШС директоры, 2018-2021 жылдары «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің өңірлік жұмыс жөніндегі хатшысы, 2021-2026 жылдары партияның Ұлттық кеңесі хатшысы — аппарат басшысы болған.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы тамыздан бері атқарып келеді.
2020 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Геннадий ШИПОВСКИХ, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі
1989 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 2017 жылы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжін машинист көмекшісі мамандығы бойынша, 2020 жылы М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірген. «Тұран» университетінің магистратурасында білім алған.
Еңбек жолы: 2010-2013 жылдары Қызылорда локомотив депосында жылжымалы құрам слесарі, 2013-2016 жылдары локомотивтерді пайдалану жөніндегі депода машинист көмекшісі болған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі қызметін атқарған. 2021-2026 жылдары Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы қыркүйектен бері атқарып келеді.
«Астанаға 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған.
Омар ШОРАЯҚҰЛЫ, ақын
1878 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. 17 жасына дейін ауыл молдасынан сауат ашып, кейін білімін өз бетінше толықтырған. Шығыс мәдениетін терең меңгерген. 1896 жылы жұмыс іздеп Қазалыға келіп, татар саудагері Нәмекей Булташевқа қызметке тұрған. Тоғыз жыл еңбек еткен соң, 1905 жылы туған ауылына оралған.
Туған ауылына оралғаннан кейін Омар ақындық өнерге ден қойды. Оның «Қойшы мен ұры», «Болысқа», «Жастарға өсиет» секілді өлеңдері халық арасына кең тарады. Терме, толғау, мысал, арнау өлеңдері мен «Қара шекпен», «Тау елі», «Жарлы Тәліп», «Кедей», «Есенжолға», «Құлахметке», «Күмісбайға», «Нағашым», «Арманым» атты шығармаларында гуманизмді, еңбекқорлықты жырлап, өмірдің сан қырын толғады. Қарасақал Ерімбет, Нұрмахан, Шәке, Заубай және Жүсіп Таубайұлымен айтыстары да белгілі.
Омар Шораяқұлы Қазан төңкерісінің жеңісін алғашқылардың бірі болып жырлады. Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысып, бірнеше жыл болыстық атқару комитетінің төрағасы және судья қызметтерін атқарды. Жастық шағындағы ауыр еңбектен сырқатқа шалдығып, 1924 жылғы 14 маусымда қайтыс болды.
Оның шығармалары «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Айтыс» жинақтарымен қатар, 1985 жылы жарық көрген «Шайыр» атты жеке кітапқа да енген.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ, әйгілі қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, публицист, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
1924 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген.
Еңбек жолы: 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті, 2000 жылдан бастап «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы болған.
Шығармалары 1949 жылдан бастап жарияланды. 1950 жылы майдан өмірін суреттейтін «Курляндия» автобиографиялық романын шығарды. 1958 жылдан бастап Бірінші дүниежүзілік және Азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан өмірін бейнелейтін «Қан мен тер» трилогиясын жазды. Трилогияның «Ымырт» атты бірінші кітабы 1961 жылы, «Сергелдең» атты екінші кітабы 1964 жылы, «Күйреу» атты үшінші кітабы 1970 жылы жарық көрді.
Әлеуметтік мәселелерді кеңінен қамтуы, психологиялық талдауының тереңдігі мен ұлттық кейіпкерлердің дара бейнесі Арал балықшылары туралы бұл трилогияны қазақ әдебиетінде ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетіндегі елеулі туындыға айналдырды. Шығармада Нұрпейісов қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін және рухани әлемін шебер бейнелеген. Трилогия әлемнің көптеген тіліне аударылған. «Қан мен тер» романының желісімен Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ драма театрының сахнасында спектакль қойылып, көркем фильм түсірілді. Нұрпейісов А. Чехов пен М. Горькийдің әңгімелерін, Н. Хикметтің пьесаларын қазақ тіліне аударған.
Мәскеу халықаралық әдеби қорының «За честь и достоинство» сыйлығының, М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың және Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты. «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен және РКФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.