22 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 22 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік автокөліксіз күн (World Carfree Day) – автокөлік пен мотоцикл жүргізушілерін кемінде 24 сағат бойы жеке көлігін пайдаланудан бас тартып, жаяу жүруге немесе велосипедпен қатынауға шақыратын күн.

Бұл күннің басты мақсаты – көлік қозғалысын уақытша азайту арқылы қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетуге, сондай-ақ адамдарды экологиялық таза әрі белсенді қозғалыс түрлеріне назар аударуға үндейді.

Дүниежүзілік автокөліксіз күннің тарихы 1998 жылдан басталады. Алғаш рет бұл бастама Францияда қолға алынған.

Дүниежүзілік мүйізтұмсық күні

Дүниежүзілік мүйізтұмсықтар күні – табиғатты қорғауға арналған халықаралық атаулы күн. Ол бүгінде жер бетінде сақталып қалған мүйізтұмсықтардың бес түрін — ақ, қара, үнді, яван және суматра қорғаудың маңыздылығына жұртшылықтың назарын аудару мақсатында белгіленген.

Мүйізтұмсық бүгінде тек Африка мен Оңтүстік Азияда мекендегенімен, осы күнге орайластырылған түрлі іс-шара әлемнің көптеген елінде өткізіледі. Оларды қоғамдық және табиғат қорғау ұйымдары, хайуанаттар бағы, түрлі кәсіпорындар, сондай-ақ табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын азаматтар ұйымдастырады.

Дүниежүзілік мүйізтұмсық күніне арналған бастамалар Антарктиданы қоспағанда, әлемнің барлық құрлығында өткізіліп, сирек кездесетін жануарларды қорғау, олардың мекен ету ортасын сақтау және браконьерлікпен күрес мәселелеріне қоғам назарын аударуға бағытталған.

Дүниежүзілік созылмалы миелолейкозбен күрес күні

Дүниежүзілік созылмалы миелолейкозбен күрес күні жыл сайын 22 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл күн алғаш рет 2008 жылы ұйымдастырылып, 2011 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Атаулы күннің 22 қыркүйекке белгіленуінің өзіндік мәні бар. 9-айдың 22-күні созылмалы миелолейкоздың дамуына себеп болатын 9 және 22-хромосомалардың символдық көрінісі ретінде таңдалған. Бұл күннің мақсаты – ауру туралы ақпараттандыру, науқастардың мәселелеріне қоғам назарын аудару және тиімді емдеу әдістерін әзірлеудің маңызын көрсету.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (БОАК) декретімен Орынбор губерниясы Қазақ АКСР құрамына енгізіліп, Орынбор қаласы республиканың астанасы болып жарияланды.

1934 жылы Қазақ тау-кен металлургия институты құрылып, 1960 жылы Қазақ политехникалық институты болып қайта ұйымдастырылды. 1970 жылы институтқа В.Лениннің есімі берілді. 1999 жылғы 22 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен елдің инженерлік-техникалық кадрларын даярлауға қосқан ерекше үлесі үшін Қазақ ұлттық техникалық университетіне қазақстандық ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің есімі берілді. Институттың қалыптасуы мен дамуына Х.К.Аветисян, О.А.Байконуров, И.И.Бок, А.В.Бричкин, Л.Г.Кушев, В.Д.Пономарев, А.С.Попов, В.В. Стендер, А.А. Цефт, Е.Д. Шлыгин және басқа да белгілі ғалымдар елеулі үлес қосты.

1989 жылы « Тілдер туралы» заң қабылданып, қазақ тілінің қайта өркендеуіне жол ашқан маңызды қадам болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияда қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі бекітілді. 1997 жылы Қазақстанда «Тілдер туралы» жаңа заң қабылданды.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы дипломатиялық қатынастар орнату жөнінде нота алмасты. Бразилия Федеративтік Республикасы – Оңтүстік Америкадағы аумағы жағынан ең ірі мемлекет. Жер көлемі 8 515 770 км², астанасы – Бразилиа қаласы. Мемлекеттік әрі ең кең тараған тілі – португал тілі. Сонымен қатар испан, француз, неміс, итальян, жапон, ағылшын және жергілікті үндіс халықтарының тілдері қолданылады. Ақша бірлігі – бразилиялық реал.

Мемлекет басшысы, атқарушы билік басшысы әрі Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Президент. Ол жалпыға бірдей тікелей дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады және бір рет қайта сайлануға құқылы.

2001 жылы II Рим Папасы Иоанн Павел Қазақстанға тарихи сапармен келді. Бұл сапар еліміздегі түрлі діни конфессиялар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға айрықша ықпал еткен маңызды оқиға ретінде есте қалды.

Сапар аясында Астанадағы «Отан-Ана» алаңында Отан қорғаушылар монументінің жанында қасиетті месса өтті. Оған 35 мыңнан астам адам қатысты.

2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің ғимаратында Қазақстанның Олимпиада чемпиондарына арналған ескерткіш пошта маркаларын басу салтанаты болды. «Спорт» сериясының «Қазақстанның Олимпиада чемпиондары» маркалары алғаш рет шығарылды. Әр блок төрт маркадан құралды, маркаларға Олимпиада ойындарының чемпиондары классикалық күрестен – Жақсылық Үшкемпіров, жеңіл атлетикадан – Виталий Савин, бокстан – Василий Жиров және Бекзат Саттархановтардың бейнесі түсірілді. Суретшісі – Данияр Мұхамеджанов.

2009 жылы Шымкентте Тәуелсіздік монументі ашылды. Ескерткіш Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би атындағы көшелердің қиылысында орналасқан «Ордабасы» алаңында бой көтерді. Биіктігі 24 метрлік үш қырлы стелла ел халқының бірлігін бейнелейді, монументтің әр қырына дана билердің сөздері қашап жазылған. Монументтің ұшар басына «Жер-Ана» мүсіні орнатылған. Стелланың іргесі ою-өрнектермен безендірілген. Монумент авторлары – Насыр Рүстемов пен Бақытжан Әшірбаев.

2011 жылы БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде ядролық қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі отырыс өтті. Оған БҰҰ-ға мүше мемлекеттер: АҚШ, Ресей, Қазақстан, Франция, Корея Республикасы, Жапония, Бразилия және т.б. елдердің басшылары қатысты.

2015 жылы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында қазақтың даңқты батыры Исатай Таймановқа арналған ескерткіш ашылды. Батырдың қабірі ескерткіштен 15 шақырым жерде орналасқан. Исатай Тайманов (1791–1838) – қазақтың даңқты батыры, Кіші жүз старшыны, 1836-1838 жылдары Бөкей Орда мен Кіші жүздің батыс бөлігіндегі қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін басқарған тарихи тұлға.

2015 жылы «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі мен «Жэньминь жибао» газеті өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес тараптар «Бір белдеу, бір жол» жобасы және «Нұрлы жол» бағдарламасын ақпараттық сүйемелдеп, ынтымақтасатын болады.

2016 жылы Нидерландтың Гаага қаласы әкімдігінің ғимаратында «Қазақстан – Ұлы дала елі» атты фотокөрме ашылды. Көрмеге Қазақстанның қазіргі тыныс-тіршілігі мен мәдениетін, Ұлы даланың сан алуан табиғаты мен көркем келбетін, көне тарихи ескерткіштері мен ХХІ ғасырдағы сәулет өнерін таныстыратын елуге жуық фотосурет қойылды. Шетелдік көрермендерге Астананың бірегей сәулет өнері ерекше әсер қалдырды. Көрмеде елорда келбетін айшықтайтын «Бәйтерек» монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Astana Opera» театры, «Әзірет Сұлтан» мешіті және басқа да сәулет нысандары таныстырылды.

2017 жылы Қазақстан Республикасы мен Нигер Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Нигер Республикасы – Батыс Африканың солтүстік-шығысында орналасқан, теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет. Жер аумағы 1 267 000 км², астанасы – Ниамей қаласы. Мемлекеттік тілі – француз тілі. Жергілікті халық арасында хауса және жерма тілдері кең таралған. Ақша бірлігі – африкалық франк, 100 сантимге тең. Мемлекетті президент басқарады. Ол жалпыға бірдей тікелей және жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады және бір рет қайта сайлануға құқылы.

2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Семейде Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ашылды.

2018 жылы Ақмола облысында Қазақстанда алғаш рет Сервис және туризм академиясы ашылды. Жаңа қызмет көрсету және туризм академиясының эмблемасына Ақмола облысының және өңір туризмінің бренді ретінде қоқиқаз алынды.

2018 жылы «Қазақ Моцарты» атанған жас, атақты композитор Рахат-Би Әбдісағин Ресейдің Клин қаласында концерт берді. Онда атақты қазақстандық пианист өз туындыларын көрнекті композитор Петр Ильич Чайковскийдің жеке фортепианосында ойнады. Рахат-Би Әбдісағин – мұндай құрметке ие болған алғашқы қазақстандық әртіс.

2020 жылы Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы құрылды. Кәсіподақ отандық медиаиндустрияны дамытуға, журналистердің қоғамдағы рөлі мен мәртебесін арттыруға бағытталған. Кәсіподақ төрағасы болып белгілі тележүргізуші Зейін Әліпбек сайланды.

2020 жылы Атом қуаты халықаралық агенттігінің 64-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Америка Құрама Штаттарының Энергетика департаментінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің жоғары байытылған уранды (ЖБУ) азайту туралы бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.

2020 жылы Омбыда «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйінің ашылу рәсімі өтті. Іс-шара барысында «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйлерінің негізгі мақсаты мен міндеттері таныстырылды. Атап айтқанда, қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттау, шетелдегі қандастармен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайту бағыттарына басымдық берілетіні атап өтілді.

2021 жылы Талдықорған қаласында «Аялы алақан» атты қола мүсіндік композицияның ашылу рәсімі өтті. Композиция жас шыбықты аялай қоршап тұрған қос алақан бейнесін сомдайды. Авторлардың айтуынша, туындының мәні бүгінгі күнмен ғана шектелмейді. Ол адам өмірін құтқарып, өзгеге қол ұшын созатын жандарға деген мәңгілік алғыстың символы ретінде болашақта да өз маңызын жоғалтпайды.

2022 жылы Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасы Беларусь құрамасын жеңіп, Ұлттар лигасының В тобына жолдама алды. Спортшыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.

2023 жылы елордада PR және коммуникация саласын дамыту бойынша жыл сайынғы International PR Forum Astana конференциясы өтті. Іс-шараны «PR-shy» қазақстандық PR кәсіпқойлары клубының және Қоғаммен байланыс ұлттық қауымдастығының қолдауымен Қазақстан баспасөз клубының коммуникациялар тобы/Promo Group Communications өткізді. Конференция мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдерінің баспасөз қызметтері және PR мамандары үшін коммуникация тиімділігін талқылауға, сондай-ақ саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын іздестіруге арналған практикалық алаңға айналды.

Аталған кәсіби алаң 2013 жылы Астанада коммуникация саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында құрылған.

2024 жылы Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат олимпиадалары тарихында алғаш рет күміс медаль иеленді. Мажарстанның Будапешт қаласында өткен 45-ші шахмат олимпиадасының соңғы турында қазақстандық шахматшылар АҚШ құрамасымен тең түсіп, партияларды 2:2 есебімен аяқтады. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 18 ұпай жинады. Команда сапында Бибісара Асаубаева жеңіске жетсе, Ксения Балабаева мен Алуа Нұрман өз партияларын тең нәтижемен аяқтады. Жарыс қорытындысында Үндістан құрамасы 19 ұпаймен алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық шахматшылар чемпионнан небәрі бір ұпайға қалып, күміс жүлдеге ие болды.

2025 жылы Болгарияда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалында 60 келіге дейінгі салмақта шардаралық Ұлболсын Елмұрат Словакиядан келген 13 дүркін чемпион Люсия Дебранованы жеңді. Ұлболсын небәрі 16 жаста, бірақ бұл оған армрестлингтен ересектер арасында әлем чемпионы атануына кедергі келтірмеді.

2025 жылы Мемлекет басшысының АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Wabtec компаниясымен құны 4,2 млрд долларды құрайтын келісімге қол қойылды. Келісім бойынша Қазақстанға сипаттамалары жетілдірілген 300 жүк локомотивін жеткізу және оларға сервистік қызмет көрсету көзделген. Компания 2009 жылдан бері Астанада жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстанға 230 млн доллар инвестиция салып, 600-ден астам локомотив шығарды. Өндірісті жергіліктендіру деңгейі 45 пайызды құрайды. 2024 жылы Wabtec Қазақстанда технологиялық және инженерлік орталығын ашты.

Аударған: Ақзат Жиеналина