22 маусым. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 22 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Аустралия Одағы арасында дипломатиялық қатынастың орнауы туралы нота алмасты.
1999 жылы Петропавл қаласының театр алаңында Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші ашылды.
2011 жылы Алматыдағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында мемориалды тақта ашылып, Ржев қаласында қаза тапқан 100-ші, 101-ші жеке атқыштар бригадасын еске алу мақсатында «Бауырластар зиратынан» әкелінген капсула жерге көмілді.
2012 жылы Астана қаласының әкімдігі «Қазақтың 1000 күйі» жинағын шығарды. «Ел» продюсерлік орталығы шығарған жинақта қазақ күйлері туралы ақпарат жан жақты қамтылған. Жинақтан Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл секілді ұлы күйшілердің өмірлері туралы да ақпарат табуға болады.
2012 жылы Өскемендегі конденсатор зауыты ТМД-ның өзге елдерінде жоқ жаңа өнімдер шығара бастады. Атап айтқанда, «қуаттылығы, ИТН-110-550 кв болатын кернеу трасформаторы» KEGOC компаниясының қажеттілігі үшін шығарылған.
2013 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарихи кейіпкер - Ақан серінің ғашығы Ақтоқтының өмірде болғаны расталды. Бұл факті «Адал жар, ардақты Ана - Ақтоқты бейнесінің тарихи шындығы» іс-шарасының басты мақсаты болды.
2014 жылы Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы нысанына айналды. Қазақстан, Қытай және Қырғызстан мемлекеттерінің Жібек жолын Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу туралы бірлескен өтініші Дохада (Катар) өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы комитетінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша 38-інші сессиясында мақұлданды. Өтінішке Жібек жолында орналасқан 33 тарихи ескерткіш енгізілді, соның 22-сі Қытайда, 8-і Қазақстанда және үшеуі Қырғызстанда орналасқан.
2015 жылы Женевадағы Жұмыс тобының соңғы отырысында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша келіссөздердің аяқталғандығы ресми түрде жарияланды. Қазақстан ДСҰ-ының 162-інші мүшесі атанды.
2015 жылы Өскеменде Үлбі жағалауында татар ақыны және жауынгер Мұса Жәлилге ескерткіш орнатылды. Мұса Жәлил Совет одағының батыры, 1942 жылы ауыр жарақат алып, концлагерьге қамалған. Ол тұтқынға түскен советтік әскерилердің қашуын ұйымдастырған. Жасырын ұйым құрғаны үшін Плетцензей әскери түрмесінде өлтірілді.
2016 жылы шымкенттік Батырхан Дәулет Оңтүстік Кореяда Ульсан ұлттық ғылым және техника университетінің (UNIST) «Жыл студенті - 2016» атанды.
2018 жылы алғаш рет Қазақстанда құрамында танымал қазақстандық альпинист, екі рет Эвересті бағындырған Мақсұт Жұмабаев бар халықаралық экспедиция Таулы Алтайдың ең биік нүктесіне - Мұзтау тауына шықты.
2018 жылы ақтөбелік қолөнерші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ерқосай Әбілов Әбілқайыр ханның күміс мөрін қайта жасап шығарды. Шебер Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырысы бойынша мөрі бар жүзік, қанжар мен күміс төс белгінің көшірмесін жасап шықты. Бадам тәрізді мөрі бар жүзікте араб тілінде Әбілқайыр ханның есімі жазылған.
«Мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырысы бойынша күміс жүзікті Әбілқайыр ханның мөрінің суретіне қарап отырып жасадым. Сондай-ақ, тапсырыс бойынша қанжар мен күміс төс белгіні де әзірледім. Төс белгіде Кіші жүз қазақтарының бірлігі - «үш Арыс» белгісі бар, оның айналасында 25 рулық тайпа бейнеленген. Белгінің жоғарғы жағында араб тілінде Әбілқайыр ханның аты мен атағы - «Әбілқайыр баһадүр хан хазіретті ибн сұлтан» ойылып жазылған», - дейді шебер.
2019 жылы Алматыда белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге мүсін орнатылды. Ескерткіш спортшы қаза тапқан жерге тұрғызылды. Денис Теннің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі - 2,4 метр.
Мүсін Денистің қола медаль жеңіп алған Сочи Олимпиадасының финалдық бағдарламасын орындап тұрған сәтін өрнектеп тұр. Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысына орнатылған ескерткіш - Санк-Петербург мүсіншісі Матвей Макушкиннің туындысы.
2019 жылы «Қазақтың Моцарты», жас композитор Рахат-Би Әбдісағин Италиядағы Санта Чечилия академиясының докторантурасын тәмамдап, оқу орнының тарихындағы ең жас түлек атанды. Академияны бітіру сынағында Рахат-Би өзінің 11 орындаушыға арнап жазылған «Ombre del Vuoto» («Үмітсіздік көлеңкесі») атты туындысын ұсынды.
«Үмітсіздік көлеңкесі» - симфониялық оркестрдің барлық тобы қамтылған симфонияның бір түрі. Рахат-Би Әбдісағин - композитор және пианист, өнертану ғылымының магистрі, жүзден астам классикалық шығарманың авторы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.
2020 жылы Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды. Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар дайындайды.
2023 жылы Республикалық ономастикалық комиссияның отырысы өтті. Отырыс барысында Қазақстанның әр өңіріндегі 18 білім беру мекемесінің және Көкшетау, Қосшы, Степногор (Ақмола облысы), Арыс (Түркістан облысы) және Талдықорған (Жетісу облысы) қалаларындағы 69 көшенің атауын өзгерту мәселесі талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы, академик Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы шешім қабылданды. Ақтау қаласындағы № 28 жалпы білім беретін мектепке ұлы ағартушы, ғалым, ақын, публицист – Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. «Ұлт ұстазы» құрметіне Қостанай облысындағы мемлекеттік тілде оқытатын Заречная орта мектебі, сондай-ақ Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Үшарал қаласының № 1 орта мектебі аталды. Қостанай ауданындағы орта мектеп атауы көрнекті жазушы, ақын және қоғам қайраткері Спандияр Көбеевтің құрметіне өзгертілді. Жетісу облысы, Алакөл ауданы № 2 Үшарал орта мектебі қазақ әдебиетінің классигі, ақын, жазушы, драматург, журналист Ілияс Жансүгіровтің есімімен атала бастады. Сондай-ақ, Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Бескөл стансасының № 14 орта мектебінің аты әлемге әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің құрметіне өзгертілді. Жетісу облысы Алакөл ауданы Достық ауылындағы № 11 орта мектеп Кеңес Одағының батыры, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының есімімен атала бастады. Жетісу өңіріндегі Үшарал қазақ гимназиясы ұлы ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Көкшетауда «Төңкерісшілер саябағы «Алаш арыстары» деп өзгертілсе, Дмитриев көшесінің атауы » аты аңызға айналған күйші Дәулеткерейдің құрметіне өзгертілді. Ақмола облысының Қосшы қаласында 20-шы шағын ауданның көшелеріне көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері, әртістер мен жазушылар есімдері берілді: Әміре Қашаубаев, Жаһанша Досмұхамедов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова, Шоқыр Бөлтеков, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Батырхан Шүкенов. Степногор қаласындағы Парковая және Степная көшелері аты аңызға айналған палуан Қажымұқан мен Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың құрметіне өзгертілді. Талдықорғанда бірқатар көшелерге Қазақ хандығының негізін салушылар Керей мен Жәнібектің, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев пен батыр Сағадат Нұрмағанбетовтің есімдері берілді. Түркістан облысының Арыс қаласында көшелерге Роза Бағланованың, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімдері мен әр түрлі географиялық орындар: Шарын, Сарыарқа, Ұлытау, Жидебай, Сарайшық, т.б. атаулары берілді. Жиынға қатысушылар көше атаулары сол өлкенің тарихи-географиялық ерекшеліктерін көрсетіп, мағынасы айқын болуы керек деген ортақ пікірге келді.
2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің отырысын өткізді. Президент саяси реформалармен қатар экономикалық және құқықтық реформаларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Үкімет пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын әзірлеу кезінде талқылау нәтижелерін ескеру тапсырылды. Отырыс барысында энергетика саласын дамыту шаралары мен тиімді тарифтік саясатқа көп көңіл бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады. Мемлекет басшысы «Инвестицияға айырбас тарифі» бағдарламасын тиімді және уақтылы жүзеге асыру бүкіл Үкіметтің басты міндеті екенін атап өтті.
2023 жылы Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда «Болашақ» стипендиясы үлестірілді. Комиссия шешімімен «Болашақ» стипендиясы 182 қазақстандыққа берілді. Оның ішінде 149 адам магистратурада, 7 адам докторантурада, 26 адам әлемнің жетекші университеттері мен өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жошы хан» спектаклін тамашалады. Қойылым «Шыңғысхан Ордасы» және «Қазақ Ордасы» деген екі бөлімнен тұрады. Негізгі сюжет желісі Шыңғыс хан мен оның ұлы Жошы ханның қарым-қатынасының тарихына арналған. Қойылым Ұлы даладағы түркі тайпаларын біртұтас халыққа біріктіріп, Ұлытауда орда құрып, Жошы хан дәрежесіне дейін көтерілген – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз қалаған Жошы ханның өмір жолын жаңғыртады. Тарихи драманың авторы – белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, ал қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Спектакльден кейін Мемлекет басшысы шығарма авторымен және Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының труппасымен әңгімелесті.
2024 жылы Астана прокуратурасы алаяқтармен күресу үшін WhatsApp ботын іске қосты. «Алаяқтыққа қарсы» боты (+7-747-680-02-10) ықтимал алаяқтарды анықтау үшін телефон нөмірлерін тексере алады. Жоба тауарларды сатып алу/сату, сондай-ақ әртүрлі қызметтерді алу кезіндегі алаяқтық әрекеттерден қаржылық шығындар мен басқа да жағымсыз салдарлардың тәуекелдерін барынша азайтуға көмектеседі.
2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысында Kozybayev University археологиялық экспедициясы елді мекеннен біршама қашықтықта орналасқан Ақ Ирий қалашығынан бұрын зерттелмеген жаңа құрылыстарды анықтады. Экспедиция мүшелері тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқ сынықтары, жануарлардың қалдықтары мен белгісіз құрылыстарды тапты.