Вице-министрдің айтуынша, жастар кәсіпкерлігін дамытуға және олардың өз ісін бастауына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр.
— Кейінгі екі жылда 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 22,6 мың адам өз ісін бастау үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант алды, — деді Евгений Кочетов.
Сонымен қатар ол жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайыз. Ал соңғы екі жылда 1,4 миллионға жуық жас жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысты, — деді спикер.
Евгений Кочетовтің мәліметінше, қазір елімізде 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жастарға білім алу, жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес беріп, психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін биыл түлектер арасындағы грант конкурсына қатысып, мемлекеттік білім грантына ие бола алмаған талапкерлер үшін бірнеше балама мүмкіндік қарастырылғанын хабарладық.