22 сәуірде елордада «Жұлдызды Астана 2016» тұңғыш музыкалық радиосыйлығының жеңімпаздары марапатталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жұлдызды Астана 2016» тұңғыш музыкалық радиосыйлығы - астаналық авторлар мен орындаушылардың шығармашылық бәйгесі.

Тұңғыш музыкалық радиосыйлық - «Астана» радиосы эфирінен 11 жыл бойые беріліп келе жатқан «Жұлдызды Астана» хит-шеруінің қорытынды концерті. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен хабарлады.

Радиосыйлықтың ерекшелігі - жоба радиожурналистика саласында алғаш рет жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, 11 аталым бойынша өтетін бас жүлдеге үміткерлер ашық дауыс беру арқылы анықталады.

Дауыс беру «Үздік орындаушы», «Үздік топ», «Онжылдықтың үздік әні», «Үздік шығармашылық дуэт», «Үздік радиоконцерт», «Үздік сазгер», «Жастық жалыны», «Үздік өңдеуші», «Астана туралы үздік ән», «Үздік мәтін авторы», «Үздік аспаптық жоба» аталымдары бойынша жүргізілді.

Соңғы 5 ай көлемінде тыңдармандар zhuldyzdyastana.kaztrk.kz сайтында 11 аталым бойынша дауыс берді. Ашық дауыс беру 11 сәуірден бастап тоқтатылды. Аталмыш радиосыйлық қорытындысы 50 пайыз тыңдарман дауысы мен 50 пайыз қазылар алқасының дауыстарын қосу арқылы шығарылатын болады.

Кештің арнайы қонақтары - Айгүл Иманбаева, Бейбіт Қошқалиев, «Меломен» тобы, Әли Оқапов және Мөлдір Әуелбекова.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 22 сәуір сағат 19:00-де Астана қаласы, «Конгресс холл» сарайында өтеді.