22 тонна жүгі бар көлік автобанда аударылып қалды

Фото: «ҚАЖсервис» ЖШС ТОФ

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінде келе жатқан жүк көлігі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеге кіріп кетті.

Оқиға Түркістан облысының аумағында болды. Таңғы сағат 05:00 шамасында Түркістаннан Шымкент бағытына қарай келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа кіріп кеткен. Салдарынан 22 тонна жүгі бар көлік автобанда аударылып қалды.

«Оқиға республикалық маңызы бар М32 Самара-Шымкент автожолының 22/10 шақырымында болды. Жүргізуші жол бойындағы жол белгілерін байқамаған. Көлік ішіндегі жүктер толығымен жерге түсірілді. Қазір көлікті кранмен жол жиегіне қою жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді «ҚАЖсервис» ЖШС ТОФ директоры Ерік Аманжолов.