22 жастағы қазақстандық Солтүстік Кипрде пышақ жарақатын алды

АСТАНА. KAZINFORM – 22 жастағы қазақстандық Солтүстік Кипрде пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Бұл хабарды ҚР Сыртқы істер министрлігі растады.

Фото: СІМ

Жергілікті БАҚ Никосия қаласындағы «Metropol» супермаркетінде пышақпен шабуыл салдарынан екі адам жарақат алғанын жариялады

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам белгісіз себеппен әйелді пышақтап өлтіруге әрекеттенген. Шабуылдан кейін күдікті өзіне де қол салған.

Ал кейбір БАҚ жәбірленушінің аты-жөні мен суретін жариялады.

Полицияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, оқиға салдарынан ауыр жарақат алған әйел мен шабуыл жасаған ер адам Никосиядағы доктор Бурхан Налбантоглу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта екеуінің де ем-дом алып жатқаны хабарланды.

Полиция оқиғаның нақты себебі әзірге анықталмағанын мәлімдеді. Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бұған дейін ҚР СІМ Сербияда қаза тапқан қазақстандық әйелдің өлімін растаған еді.