22 жастағы қазақстандық боксшы қарсыласын нокаутпен жеңді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық боксшы Ескендір Харсан (5-0, 4 КО) қарсыласын нокаутпен жеңді, деп хабарлайды Sports.kz.

Оның кәсіпқой рингтегі алтыншы қарсыласы грузиялық Джаба Мемишиши (8-10, 1 КО) болатын. Бұл жекпе-жек 6 раундқа созылуы тиіс еді, алайда екінші раундта Харсан қарсыласын сұлатып түсірді. Бұл раундта қазақстандық жас боксшы грузин жігітін үш рет нокдаунға жібергенін айта кету керек.

Енді Ескендірдің қанжығасында алты жеңіс бар. 22 жастағы боксшы кәсіпқой рингте 6 жекпе-жек қана өткізгеніне қарамастан екі чемпиондық белбеуді жеңіп алған. 2017 жылдың қыркүйегінде ол жеңіл салмақтағы WBB титулына қол жеткізсе, өткен жылдың желтоқсанында осы санаттағы WBC Intercontinental «жастар» белбеуін иеленді.

Айта кетейік, 20 сәуір күні Ескендір Харсан АҚШ-тың Техас штатындағы Остин қаласында америкалық боксшы Абрахам Флореспен (3-0, 2 КО) жұдырықтасады.

Соңғы жаңалықтар